Қызылжарда электрокарлар шығарылады
Қызылжарда электрокарлар шығарылмақ. Аймаққа келген қытайлық инвесторлар жергілікті зауыттардың қауқарымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ аstanatv.kz-ке сілтеме жасап.
Аспан асты елінің компаниялары теріскейде бюджеттік электр көліктерінің құрылысын қолға алмақ. Темір тұлпарлардың аккумуляторы бақандай 500 шақырымға шақталса керек. Қытайлық тарап Қызылжардың екі зауытында өндіріс ашуды көздеп отыр.
Қазір біз жергілікті зауыттардың мүмкіндігін саралап жатырмыз. Осы жылдың шілде айынан бастап Қытайдан қондырғыларды жеткізе бастаймыз. Ал келесі жылы жергілікті электрокар зауыты өзінің толық қуаттылығына көшеді, - дейді қытайлық электромобиль шығару компаниясының құрылтайшысы Цзянь Шань.
Біреуі көліктің электроникасымен айналысса, екіншісі темір жинау жағын қамтымақ. Жергілікті кәсіпорын өкілдері дайын көлікті құрастырмай, күрделі өндіріспен айналысамыз деп сендіріп отыр. Демек, электрокардың басым бөлшектері осында жасалмақ.
Біз отандық өндіріс үлесін 43 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, көліктің қозғалтқышы сияқты күрделі бөлшектер Қытайдан келеді. Ал аккумулятор, темір бұйымдар және тағы басқа бөлшектерді біз өзіміз шығаруға дайынбыз, – деді Ауыр машина жасау зауытының бас директоры Арман Құлмағамбетов.