Қызылжарда былтыр жөнделген көпір қайта бұзылып жатыр
Қызылжар орталығын Жұмысшы кентімен байланыстыратын көпір биыл тағы да сыр берді, деп хабарлайды BAQ.KZ-тің өңірдегі тілшісі.
Өткелдің үстіндегі тас төсеме 2021-2022 жылдары қалпыпқа келтірілгеніне қарамастан, қайтадан жарылып жатыр.
Жұмысшы кентін қаланың орталығымен жалғайтын көпір 1961 жылы салынған болатын. Нысан 2014-2015 жылдары күрделі жөнделді. Бұл мақсатқа бюджеттен 570 млн теңге жұмсалды. Алайда қала тұрғындарының қуанышы ұзаққа бармады. Араға 6 жыл салып, өткелдің деформациялық тігісі сөгіліп, жарамсыз күйге түсті.
Көпір үстімен күн сайын жүремін. Жолы өте жаман. Көлікті әбден бүлдіріп жатыр. Оны жылда жамап-жасқай бергенше, бір рет дұрыстап жөндеген тиімді болатын еді. Ол үшін арнайы комиссия құрылып, жұмысты қатаң қадағалау керек деп ойлаймын. Көпірді жыл сайын жауып, тұрғындарды айналма жолмен жүргуге мәжбүр етіп, әбден әбігерге салады, - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Әділбек Сүлейманов.
Аталған көпір «Оңтүстік-Орал» темір жолының үстімен өтеді. Күніне мыңдаған көлік пен жаяу жүргіншілер қатынайды.
Көпірмен жүру – өте ыңғайсыз. Жалғыз аяқ жоқ. Қарама-қарсы адам кездессе, сыймай қаласың. Велосипед мінгендер соғып кете ме деп қорқамын. Әрі ауыр көліктер өткенде өткел селкілдеп тұрады, - дейді қала тұрғыны Елена Васильева.
2021 жылы екі жылға арналған жобалық-сметалық құжаттар жасалып, көпір былтыр күзде ғана қайта жөндеуге жабылды. Бірақ ол да көпке бармады. Биыл нысан тағы да қалыпқа келтірілмек.
Көпірдің салынғанына 60 жылдан асты. Бұл бағытта жеңіл көліктер де, жүк машиналары да көп жүреді. Сондықтан шыдас бермей жатыр. 2021-2022 жылдары екі жылға арналған жоба болды. Ал биыл тұрғындардың көптеген өтініші бойынша көпірдің қоршауын ауыстырып, жаяу жүргіншілерге арналған саты салмақпыз. Жобалық-сметалық құжат бойынша 100 млн теңге қарастырылды. Сонымен қатар, көпірдің техникалық жағдайына баға беру керек. Бұл мақсатқа 15 млн теңге бөлінді. Оның қорындысына сәйкес, жоғарыда аталған жобалық-сметалық құжатқа өзгеріс енуі де мүмкін, - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Сүлейменов.
Жарты миллиард теңгеден астам қаржыға жасалған жөндеу 5-6 жылға ғана жетті. Кепіл мерзімі аяқталғандықтан ол қайтадан бюджет есебінен жөнделмек.