Қызылтастағы петроглифтерді қалай сақтап қаламыз
Талдықорған халқын шулатқан "Темир" карьеріндегі жарылыс жұмыстары уақытша тоқтады. Жергілікті билік пен "Темирбетон" компаниясы өзара келісімге келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Темирбетон" ЖШС жұмысын ары қарай жалғастыруға ниетті
Талдықорғандары тарихи кешеннің жай-күйі халықтың назарынан тыс қалған емес. Тарихи орынды сатып жіберген билік өз айыбын түсініп, өткенді қайта қалпына келтіруге тырысып жатыр. Бұған дейін біз осы мәселені бүкпесіз оқырманға жеткізгенбіз. Күні кеше әлеуметтік желінің әбігерге салған тарихи түйткіл өз шешімін табуға жақын. Осыған орай арнайы жиын өткізген жауапты мамандар өзара талқыға салып, нүктесін қоюға тырысты.
Осыдан 4 жыл бұрын Алматы облысы екіге бөлінбей тұрып, қала әкімдігі солтүстігінде «Темир» карьеріне баратын грунттық жолды салу үшін Қызылтас саяжайындағы тарихи ескерткіштер орналасқан жер аумағын «Темирбетон» ЖШС-ға тапсырған. Бәрі заң аясында болған. Әйткенмен, ұлттың тарихы таңбаланған мекенді кәсіпорын қызметкерлері талқандап, жартастарды үгітіп, керегіне пайдаланғаны мәлім болды. Осы мәселе қоғам ішінде үлкен дау туғызып, қала әкімдігі сынның астында қалды.
Алдыңғы жылы облыс орталығында анықталған және құжаттандырылған 30 археологиялық ескерткіштерге қорғау тақталары қойылды. Былтыр «Қазархеология» ЖШС «Темир» карьерінің аймағында ұлт мәдениетіне қатысы бар тарихи құндылықтарымызды анықтау үшін жүргізілген археологиялық зерттеуден кейін 30-ға жуық петроглиф анықталды. "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" заңның 29-бабына сай, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына «Темир» карьері аумағындағы петроглифтердің сақталуын қадағалауға байланысты басқа жерге көшіру туралы ұсыныс жолданды, - дейді қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков.
Оның айтуынша бүгінде облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың мұрындық болуымен аталған аймақтағы жұмыс түрледі уақытша тоқтап тұр. Негізі жұмысты атқарып жатқан «Темирбетон» компаниясына қарасты «Қазархеология» кәсіпорны. Олар осыдан 5 жыл бұрын "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" заңның 30-бабына сай жол өтетін жерлермен «Темир» карьерінің аумағында тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтамақ ниетте археологиялық жұмыс істеген. Сол жұмыс барысында карьерге апарар жол маңайында орналасқан, қорғау аймағына кіретін 32 археологиялық ескерткішке 2021 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Сол жылы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан Қызылтас ескерткіштеріне 2 ақпараттық тақта қойылған екен.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңның 29-бабында «егер орнын ауыстыру және өзгерту оның сақталу жағдайларын жақсартуға алып келетін болса рұқсат берілген» деген тармақ бар. Сондықтан жергілікті биліктің осылай қарекет етуіне болады.
Өткен жылы аталған кәсіпорынға қарасты карьерде жүріп жатқан жұмыстар салдарынан бабадан қалған тарихи ескерткіштерді қиратып жатыр деген ақпарат желдей есті. Осыны ескере отырып «Темир» карьерінің жанында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау мақсатында біз арнайы жиын өткіздік. Онда, «Қазархеология» кәсіпорнының директоры Ж.Смайловқа карьер айналасын қосымша зерттеп шығу тапсырылды. Біз сондағы петроглифтерді жоюға қарсымыз. Тарихи орынды мемлекет қорғауына алу үшін жұмыстар істеп жатырмыз, - дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.
Кәсіпорын петроглифтерге тиіспеген, тарихи орынның аумағынан тысқары жұмыс істеп жатыр. Сондықтан дау туғызудың ешқандай қажеті жоқ. Ал бұл пікірге қоғам белсенділері қарсы.
Жергілікті билік мәселенің сыртынан баға беріп отыр
Шаруасы гүлденіп тұрған кәсіпорынның ол маңнан жылжуға құлқы жоқ. Себебі, үлкен кәсіпте ұлт болмайды. Оның үстіне сақ дәуірінен сақталған тасбақа тастар компания өндіріетін материалдарға қажет ресурсқа ие. Сондықтан олар өз көзқарасын қорғап, сотқа жүгінген. Осылайша «Темірбетон» компаниясы бұрыннан бері қолданып келе жатқан карьер мерзімін созу туралы өзінің құқығын белгілейтін құжаттарын қалпына келтіру туралы сотқа талап арыз жолдаған. Енді қараңыз, сот нақты шешімге келгенше олардың жұмысы уақытша тоқтап тұр. Егер сот жалғастыруға мүмкіндік берсе, жартастардың жайы қиын болмақ.
2019 жылдан Қызылтас саяжайының мәселесімен айналысып келемін. Маған «мұның саған қажеті не?» деген сауалдар жиі қойылады. Мен мұны түсіндіріп кетейін. Бұл жерде 32 сақ қорғаны талқандалып жатыр. Ал «Қазархеология» компаниясы берген архиологиялық зерттеу нәтижесі наурыз бен маусым айында ғана жүргізілген зерделеу жұмыстары ғана. Бұған қарап шешім шығаруға бола ма? Сіздер петроглифтерге ешқандай зиян келмеді дегенге сенесіздер ме? 32 сақ қорғанын 3 айда зерттеп тастады дегенге адам нана ма? Олардың тобына 12-ақ адам болған. Біз жер көлемі бойынша әлемнен 9-орын аламыз. Ол бабаларымыздың арқасында қалған байтақ мекен. Енді олар ға осындай қарым-қатынас жасауға қандай хақымыз ба? Жергілікті билік мәселенің сыртынан баға беріп отыр, - дейді «Алтын адам. Жетісу шеберлері» ҚБ төрағасы Динара Бакирова.
2017 жылы Қызылтас саяжайына баратын жол картасына үңілсеңіз, үлкен техника баратын жолдар анық көрінеді. Тасбақа тастарға ешқандай зиян келмегені де байқалады. Ал 2023 жылғы әуеден түсірілген жол картасының сызбасына көз салсаңыз, бәрі басқаша. Ойдым-ойдым шұңқырлар мен айдақ-сойдақ жолдар, тасбақа тастардың бар не жоқ екеніне күмәнмен қарайсыз. Мұның бәрі кәсіпорынның осы аумаққа келгенінен бастап орын алған жағдай.
Бәрін сот шешеді
Бүгінде археологиялық ескерткіштер мекені саналған Қызылтас саяжайындағы жарылыс жұмыстары уақытша тоқтады. Соған сай петроглифтерді көшіру жұмыстары да кейінге қалған. Бәрі соттың шешімін күтіп отыр.
«Темір» тау кен карьерінде облыстың қоғамдық кеңесінің мүшелері, сондай-ақ Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам белсендісі, «Алтын адам. Жетісу шеберлері» ҚБ төрағасы Динара Бакирова, «Охотники за петроглифами» ҚБ басшысы Ольга Гүмирова, «Темірбетон» ЖШС өкілдері және журналистер мен блогерлар өзара кездесіп, мәмілеге келуге уағдаласқан. Жиында тарихи байлығымызды сақтауды ойластырған. Бірақ қоғам белсенділері жергілікті биліктің әрекетіне разы емес.
Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде облыстық бюджеттен Қызылтас шатқалының археологиялық петроглифтерін егжей-тегжейлі құжаттандыру үшін қаржы 10 миллион теңге қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес конкурс өткізе отырып, Қызылтас, Дауылбай археологиялық ескерткіштерін паспорттау жұмыстары жүргізілмек.
Қараңыз, Ескелді ауданына қарасты Ешкіөлмес тау жоталарындағы Ешкіөлмес петроглифтары, Кербұлақ ауданына қарасты Архарлы тауындағы Архарлы петроглифтері, Ақсу ауданына қарасты Қапал тау жоталарындағы Баянжүрек петроглифтері де жергілікті биліктің қорғауына мұқтаж.
Жалпы, Жетісу жерінде бітік жартастар мен байырғы қорымдардың кең шоғыры көптеп кездеседі. Оның кейбірі ғылыми негізделіп, тарихи мұралар тізіміне енген. Тіпті кейбірі табиғи нысандар туристердің көзайымына айналғандары да бар. Ең өкініштісі жүздеген тарихи орындағы 51 петроглиф қана мемлекет қорғауына алынған. Бізді елеңдететіні де осы мәселе. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан сөзін жергілікті билік ескере ме, ескермей ме уақыт еншісінде. Көреміз?!