Қызылшаның жыры – шаруалардың мұңы

Тағы да жөндеуден өткен Ақсу қант зауыты әлі іске қосылған жоқ. Кәсіпорын жақында қамыс қантын өндеуді бастамақ. Ал қант қызылшасын қабылдауы екіталай. Бұған жергілікті шаруалар наразы, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Жетісу облысындағы тілшісі.

Жыл сайын облыстан ақша сұрайтын Ақсу зауыты аяқтан тартып келеді. Қыруар қаржы бөлінгенімен нәтиже жоқ. Былтыр шаруалар шикізатты алыстағы Көксу зауытына тасыды. Жолға берілген үстеме қаржы, тағы да кәсіпкерлерді қанағаттандырмады. Кейбір егіншілер мәселенің шешудің бірден бір жолы қызылшаның әр килограмын 50  теңгеден өткізу екенін жеткізуде.

Қазір бұл салада білікті маман жоқ

Шаруалардың айтуынша, қазір бұл салада білікті маман жоқ. Көбі қызылшамен 2-3 жыл айналысады да, тастап кетеді. Оны егу оңай емес, оның үстіне мемлекеттен берілетін көмек бәрін бірдей қамти бермейді. Кеңес өкіметі кезінде зауыттар қант қызылшасының ауыртпалығын өз мойнына алатын. Қазір бұл үрдіс келмеске кеткен. Мәселен, зауыт жанар-жағармайды, тұқымды, әртүрлі химикатты, селитраны, тіпті аммофосты да шаруаларға өзі үлестіретін. Ол аздай арнайы көлікпен таситын. Бұл батпанқұйрықтың бүгінде ізі де қалмады.

Бұл уәжге иланбаймын десеңіз, қараңыз… Жетісулық фермерлер тәтті түбірдің тұқымын «Жетісу» ӘКК-ден алады. Олар Көксу қант зауытымен бірлесе отырып, фьючерстік келісім негізінде шаруашылықтарға жыл сайын шетелдік селекция тұқымын береді. Минералды тыңайтқыштар мен гербицид құнының 50 пайызы субсидияланады. Тұқымның сортына сай шаруаларға сатады. Басында 1 гектар жерге себетін тұқымның құны 20 мың теңге болса, кейіннен 100 мыңға көтерілген. Ал оған берілетін субсидия көлемі 25 пайызға да жетпейді.

Одан кейін шаруалар, облыс орталығынан арзандатылған бағада дизель отынын алады. Алыс аудандағы шағын шаруалардың Талдықорғанға келіп-кетуі азап. Оған арнайы жүк көлігін жалдайды, ол да артық шығын. Жүргізушілерге тасымал үшін 80-100 мың теңге бересіз. Ол аздай 2-3 күн кезекте тұрасыз. Үлкен шаруаларға кемі 20-30 тонна дизель отыны қажет. Кіші шаруалардың кейбірінде оны сақтайтын цистерналар жоқ. Жанармайды әр жерге бөліп сақтап, ұрлатып алғандар жетерлік. 

Қызылшаның жемісін жеу үшін үлкен шыдам керек

Жалпы, қызылшаның жемісін жеу үшін үлкен шыдам керек. Енді қатарласа өскен арамшөптерді өлтіретін дәрілер себу міндетті. Оның бағасы удай қымбат. Кейбірінің литрі 17-20 мың теңгеге дейін барады. Оны жеке шаруалардың қалтасы көтере бермейді. Түбірін нығайтып, ылғал ұстайтын селитралар облысқа толық бөлінбеген. Шаруаларға тоннасын 40-50 мың теңгеге сатады. Оны тиегенге жүк көлігіне тағы ақша төлейді. Ол да айтарлықтай шығын.

Жоғарыдағы түйткілдер титықтатқан, шаруалардың дені соя, жүгері егуге көшіп жатыр. Себебі күтімді көп қажет етпейді. Әйтсе де оған себілетін дәрілер жердің құнарын құртуда. Жетісулық геологтер өңірдегі жердің құнарлылығы төмендеп кеткенін айтып зар қағуда. Кәсіпкерлер бұрынғыдай бидай, арпа, жүгері, зығыр сепсе де ойдағыдай өнім алып жатқан жоқ. Ал оған себетін аммофос, нитрафостардың бағасы әлдеқайда жоғары. Бұрындары жердің құнарлылығын тексеретін лабораториялар жұмыс істейтін. Қазір шаруалар топырақтың құрамын зерттеуге арнайы маман жалдауға ерінеді. Ерінетін себебі, олардан алатын кішкене анықтамаға қыруар қаржы жұмсайды. Сондықтан қолдан келгенше өзінше амал жасайды.

Өнімнің бітік шығуына қажет аммофостың құны  – 205 мың теңге. Енді қараңыз, 20 гектарға 4 тонна алсаңыз, 820 мың теңге жұмсайсыз. Оны тиеп, әкелген шығынды қосқанда 1 миллион кетеді. Оны шашатын бәрінде аппарат жоқ. Аппараты бар шаруаларға жалынып, жалпақтап өтініш айтады. Олар тегін істесін бе? Гектарына 10-15 мың теңге сұрайды. Сонда, жалпы алғанда, 1,5 миллион ақша дәріге кетеді. Оны Үкімет ескеріп отырған жоқ. Оның үстіне қант қызылшасын себетін техника шаруа серіктестіктерінде жоқтың қасы. Басқа ірі қожалықтар ақшасыз қимылдамайды. Егер тұқымды суықта берсе, жылы жерге сақтау қажет. Жоқ дегенде +5 градуста тұруы шарт.

 Шетелдік тәжірибе

Енді шетелдің тәжірибесіне үңілейікші. Көрші Қырғызстанда зауыттар шаруалардан қызылшаны килограмын 48 теңдеген алатын көрінеді. Ал Қытай мен Үндістанда қант зауыттары шаруа иелеріне соңына дейін жәрдемдеседі. Өнім пісіп-жетілгенше қажетті шаралардың бәрін жасайды. Шикізат та соған сай мол болады. Артынан өткізген тауарды есептеп, берген қаржыны ұстап қалып, қалғанын кәсіпкердің қолына береді. Бүгінде 20 гектар жерге тәтті түбір сепкіңіз келсе, қалтаңызда кем дегенде 20 миллион теңге қаражат болуы шарт. Ал ондай қаражат кез келген шаруада бола бермейді. Олар биыл алған ақшасын келер жылға үнемдеп, әрең жеткізеді.

 Қызылшаның суды көп қажет ететін өнім. Қазір өңірде тоғандардың дені тозған, оның үстіне өзендер де сарқылып келеді. Егінді жоқ дегенде 5-6 рет суару керек. Бұл да өз алдына үлкен мәселе. Егін басына су жетпейді. Каналдардың көбі бітеліп қалған. Оны жөндеп жатқан фирмалардың қимылы тым сылбыр. Ал қызылшаны арамшөптен тазартатын сәтте халық шаруаларға өз талабын қояды. Жалдамалы жұмысшылар гектарына 30 мың теңге сұрайды екен. Жергілікті тұрғындар шөптеуге шықпайды. Сондықтан шаруаларға ауыл-ауылдардан жалдауға тура келеді.

Кеңес уақытында Ақсу қант зауыты Украинадан кейінгі екінші ірі кәсіпорын болған. Жылына 400-500 мың тонна шикізат игерген екен. Зауыт жұмыс істеп тұрған кезде шаруалар жеткілікті түрде тәтті түбір өткізе алмады. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна өнім игере алады. Шаруалар «шикізатты бізден 50 теңгеден алса, онда әңгіме бөлек болар еді» деп айыпты өздеріне итереді.

Ауыл шаруашылығына қажет техника тым қымбат

Тағы бір айта кететін жайт, қазір өңірде комбайн, қызылшаның жапырағын кесетін техника аз. Келген күннің өзінде сынып қалса, құрал-сайманын алатын орталық жоқ. Шетелге тапсырыс берсеңіз, бағасы 10 есе өседі. RV6 жапырақ шабатын техникасының 150 тісі бар. Оны жыл сайын ауыстырып тұру қажет. 1 тіс – 8-10 мың теңге көлемінде тұрады. Моторын екі шоқып, бір қарап отырмасаңыз, бұзылса кемі 2-3 млн теңге қаражатты талап етеді. Жалпы, ауыл шаруашылығына қажет техника тым қымбат. Сол себепті, шаруалар жұмсаған шығындарын әрең өндіріп алады. Ал соя, бидай, жүгері еккендер үшін өнім сақтайтын қоймалар жоқ. Қолда бар шикізатты өткізейін десе тұтынушылармен арада делдал жүреді. Алыпсатарлар да аяққа оралады. Біздіңше, бұл салаға үлкен реформа қажет.

 P/S. Өткенде Жетісуға жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Әлихан Смайылов қант өңдеу зауыттарын аралап, өнімді арттыруды тапсырған. Тіпті облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа Мемлекет басшысының тапсырмасына сай бір-екі жылдың ішінде 180 мың тоннаға жеткізу керектігін шегелеп айтқан еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан автордан
Өзгелердің жаңалығы