Қызылшаға қарсы вакцина алмаған балалар ауруханаға жатқызылмайды

Енді Астанадағы балалар стационарларына қызылшаға қарсы вакцинасы жоқ балалар  жатқызылмайды. Тиісті қаулыға қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

6–28 қаңтар аралығында елордада қызылшаның 403 расталған жағдайы тіркелді. Қаңтардың алғашқы аптасымен салыстырғанда аурушаңдық 2,8 есеге артқан. Науқастардың 95 пайызы — вакцина алмаған балалар.

Олардың ішінде: вакцинациядан бас тарту салдарынан - 257 жағдай, вакцинация жасына жетпегендер - 112, вакцина алу мүмкіндігін жіберіп алғандар - 9, медициналық қарсы көрсетілім бойынша - 7.

Инфекцияның одан әрі таралуының алдын алу мақсатында бас мемлекеттік санитариялық дәрігер қаулы шығарды:

  • 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің қызылшаға қарсы егілу деңгейіне талдау жүргізіп, ата-аналардың (заңды өкілдерінің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін екпе алмаған балалар мен жасөспірімдерге қосымша иммундау жүргізу.
  • 55 жасқа дейінгі медициналық қызметкерлер арасында қызылшаға қарсы егілу мәртебесіне талдау жүргізу; вакцинациясы жоқ немесе егілу мәртебесі белгісіз болған жағдайда, егілетін тұлғаның ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін қызылшаға қарсы вакцинация жүргізуді қамтамасыз ету.
  • Ата-аналардың (заңды өкілдердің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін, 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға қызылшаға қарсы қосымша вакцинация жүргізу.
  • 1 жаста және 6 жастағы нысаналы жас топтарындағы балаларды қызылша, қызамық және паротитке қарсы профилактикалық егулермен қамтудың оңтайлы деңгейіне қол жеткізуді қамтамасыз ету.
  • Ұйымдастырылған ұжымдарда (мектепке дейінгі балалар ұйымдары, мектептер, арнаулы орта/жоғары оқу орындары және басқа да ұйымдар) қызылшаның бастапқы жағдайы туралы ақпарат алынған кезде, анықталған сәттен бастап 72 сағат ішінде, егу анамнезін ескере отырып және медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда, осы ұйымдастырылған ұжымдағы егуге жататын барлық контингентке шұғыл иммундауды қоса алғанда, санитариялық-індетке қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жедел ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету.
  • Байланыстағы тұлғаларды күнделікті медициналық бақылауда ұстау: теріде макулопапулёзды бөртпелердің бар-жоғын қарау, дене температурасын өлшеу және шағымдары туралы сұрау жүргізу, алынған мәліметтерді медициналық бақылау журналына тіркеп, инкубациялық кезең аяқталғанға дейін бақылауды жалғастыруды қамтамасыз ету.
  • Балалар стационарларына жоспарлы түрде жатқызуды тек қызылшаға қарсы вакцинацияның болуы кезінде жүзеге асыру;

Еске салайық, бұған дейін Щучинскте кадеттер арасында жұқпалы ауру тарап, карантин жарияланғанын хабарлаған болатынбыз. 

Сондай-ақ, Щучинсктегі қызылша індетінен кейін 71 кадет стационарлық бақылауға алынған еді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы