Қызылшаға қарсы "сәтсіз екпелер" туралы дүрбелең: ДСМ мәлімдеме жасады
Екпелер елдің барлық өңірінде жүргізіліп жатыр.
Әлеуметтік желілерде қызылшаға қарсы вакцинация науқаны "сәтсіз инъекциялардан" кейін тоқтатылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде мәлімделді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрлік қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуал бақылауда екенін атап өтті. Екпелер елдің барлық өңірінде Профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес жүргізіліп жатыр. Алдын алу мақсатында қызылша, қызамық және паротитке қарсы біріктірілген вакцина қолданылады. Бұл вакцина Қазақстанда 10 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді және қауіпсіз әрі тиімді деп танылған.
Қолданыстағы вакцинаның өндірісі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан сертификатталған. Бұл оның сапа, тиімділік және қауіпсіздік бойынша халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін растайды. Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасында аталған вакцинаны қолдануға байланысты ерекше реакциялар немесе асқынулар тіркелген жоқ, - деп хабарлады министрліктен.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды ресми ақпарат көздеріне сенуге және қауесетке ермеуге шақырды.