“Қызылшадан Африка елдерін артқа тастадық”. Сенатор үкіметті сынға алды
Сенатор Бибігүл Жексенбай елімізде қызылша жұқтырғанындар саны Африка елдерінің көрсеткішінен асып түскенін айтты , деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады.
АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы қызылшаның жаһандық індетіне қатысты ақпаратты жариялады. Онда Қазақстан ауру жұқтырғандар саны бойынша алғашқы үштікке енді, - деді ол.
Бүгінгі таңда елімізде 21 мыңнан аса адам қызылша ауруын жұқтырған. Тіпті, аурудың таралу көрсеткіші бойынша Қазақстан Африка елдерімен “бәсекелесіп” тұр.
Оның дерегінше, бұл жұқпалы ауруға Эфиопияда 11 мың адам, Пәкістанда 8 мың адам, Конгода 6 мың адам ғана шалдықты.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда вакцинация проблемасы бір сәтте пайда болмаған. Жұқпалы дерттің басты себебінің бірі екпе бағытындағы жұмыстың әлі жүйелі, жоспарлы, нәтижесі сараланып жасалмай келе жатқанында, - деді Жексенбай.
Сенатор екпе салу қызметінің сапасы төмен екенін айтады.
Ауылдарда медициналық персонал мен құрал-жабдықтардың жетіспеуі де балаларды уақтылы вакцинациялауды қиындатып отыр. Сондай-ақ діни нанымдарға байланысты екпеден бас тартқандармен жұмыс пәрменді жүргізілмейді. Екпе жасалуы туралы мәлімет көрсеткіштер бойынша есептердің дұрыстығына күмән бар. «Қазақстан цифрландыру бойынша алға шықты» деп мақтанғанымызбен екпе салу туралы мәліметтер әлі қағазда түрінде жазылуы түсініксіз, - деді сенатор.
Сондай-ақ ол проблеманы шешуге қатысты бірқатар ұсынысын айтты.
Ең алдымен жағдайды жақсарту үшін қоғамда вакцинацияның маңызы мен қауіпсіздігі туралы ақпараттық жұмысты күшейту қажет. Екіншіден, еліміздің барлық аймағында жоғары сапалы вакциналар мен денсаулық сақтау қызметтерін кедергісіз алуды қамтамасыз етіп, арнайы мобильді медициналық топтарды ұйымдастыру керек. Үшіншіден, вакцина сапасы мен оның мерзімі өткенін жоюды қадағалауды барынша күшейту маңызды, - деді Жексенбай.