Қызылша қаупі: Астананың бас санитарлық дәрігері вакцинация туралы айтты

Ата-аналардың өз балаларын егуден бас тартуы астаналықтар арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялармен сырқаттанушылықтың өсуіне алып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астананың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша Астана қаласының тұрғындарын иммундаумен қамту мониторингінің деректері бойынша 1 жасқа дейінгі балаларды дифтерияға, сіреспеге, көкжөтелге, гемофильді инфекцияға, полиомиелитке, пневмококкты инфекцияға, 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің дифтериясына және сіреспеге қарсы екпелермен жоспарлы қамтуға қол жеткізілді.

Биылғы 6 айда көкжөтелдің 435 расталған жағдайы тіркелді, 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 417 (көрсеткіш – 100 мың тұрғынға шаққанда 30,5), 2023 жылы көкжөтелдің 5 жағдайы тіркелді, өсім 82 есе. Аурудың негізгі себебі 54% немесе 234 жағдайда ата-аналардың көкжөтелге қарсы профилактикалық егуден бас тартуы болып саналады, - деді елорданың санитарлық дәрігері.

Өткен жылдың наурыз айынан бастап елордада қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі байқалды.

Биылғы 6 айда қызылшаның 1541 расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1059 жағдай, өсім 12 есе, сырқаттанғандардың ішінен қызылшаға қарсы 1069 адам егілмеген, - деді Сархат Бейсенова.

Осыған байланысты, Департамент әлеуметтік желілерде вакцинация туралы көрінеу жалған ақпараттың таралуына мониторинг жүргізеді және медициналық ұйымдармен бірлесіп мұндай мәлімдемелерге жедел ден қояды.

Сондықтан түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 2472 ата-ана вакцинацияның маңыздылығын түсініп, балаларын ектірді, оның ішінде биыл 623-і бұрын вакцинациядан бас тартқан болатын. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 7 есе жоғары, түсіндіру жұмыстарынан кейін тек 80 бала егілді, - деп қосты спикер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы