Қызылша қандай жолмен таралады? Дәрігерлер ескерту жасады
Қызылша вирусы ауа арқылы ғана емес, жөтелу, түшкіру және тіпті қалыпты сөйлесу арқылы да таралуы мүмкін. Бұл туралы Астана қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айгүл Шағалтаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вирус ауа арқылы таралып қана қоймай, жөтелу, түшкіру және тіпті қалыпты сөйлесу арқылы және балалар ұжымдарында, мектептерде, балабақшаларда, қоғамдық орындарда тез таралуы мүмкін, - деді Айгүл Шағалтаева.
Дәрігердің айтуынша, қызылша жас балаларда, жүкті әйелдерде және иммунитеті төмен адамдарда ауыр түрде өтеді. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қызылшадан жалғыз сенімді қорғаныс – вакцинация.
Қызылшаның таралуын тоқтату үшін халықтың кем дегенде 95 пайызы вакцина алуы тиіс. Тек осы деңгейде ұжымдық иммунитет қалыптасып, вакцинацияға қарсы көрсетілімдері бар адамдар қорғалады. Көптеген елдердің тәжірибесі көрсеткендей, вакцинация деңгейі төмендеген сайын, қызылша қайтадан өршіуі мүмкін.
Қазіргі уақытта елорданың емханаларында «қайта» вакцинация жүргізіліп жатыр. Бұл – вакцинацияны өткізіп алған балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымша егу науқаны. Сондай-ақ, вакцинация алмаған немесе мәртебесі белгісіз адамдар қызылшамен байланыста болған жағдайда, 72 сағат ішінде шұғыл иммундау жүргізіледі, - деп айтты ол.