Қызылша дерті: Студенттер сабақты онлайнға ауыстыру туралы петиция жариялады

Алматылық студенттер де қызылша жұқтырған. Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ университетінің студенттері аурудың асқынып кетуінен қорқады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Журналист Ирина Советжанқызы әлеуметтік желісіне студенттерден келген хатты жариялады. Бұл жазбада студенттердің ыстығы көтеріліп, ауырғаннан сабаққа бара алмай жатқандығы айтылған. 

 Мен Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ университетінің студенті боламын. Жақында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, студенттерді онлайн, карантин режиміне жіберуге себеп жоқ деп брифинг өткізген болатын. Бірақ Алматыдағы жағдай бойынша, жұқпалы аурулар ауруханалары қызылша ауруымен жатқандармен 90%-ға толған. Біздің студенттер (сонымен қатар басқа да университет студенттері) қызылшамен ауырып, 39 градус температурамен үйлерінде жатыр, - дейді студент.

Студенттер сабақты онлайнға ауыстыру туралы петицияға 3400-ден астам қол жинаған.

Жатақханада 10-нан астам студенттерге “қызылша” диагнозы қойылған. Бүгін 2 студентті жатақханадан жедел жәрдеммен алып кетті. Қазір ауырып жатқандар емтиханға да қатыса алмауы мүмкін. Дәлел ретінде анықтамалар мен студенттердің термометрмен өлшегендері бар. Студенттер сабақты онлайнға ауыстыру туралы петицияда 3400-ден астам қол қойылды. Министрден жауап жоқ. Барлық студенттер ауырып қалудан қорқып отыр. Сабақтар және қысқы емтиханды онлайн режиміне өтуін қалаймыз, - дейді жазба авторы. 

Аталған жағдайға Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ университетінің баспасөз қызметі жауап берді. 

 Бүгінге дейін ресми емделіп жатқан 7 студентте ғана “ қызылша” диагнозы расталды. Университет жатақханасында тұратын студенттердің жедел жәрдем шақыру себебі өзгеше, ЖРВИ фактілері жоққа шығарылмайды. Жалпы, жағдай тұрақты алаңдатушылық тудырмайды. Университетте барлық қажетті шаралар қабылданып, профилактикалық шаралар жүргізіліп, бетперде кию ережесі енгізілді, - дейді  Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ университеті.

Дегенмен ЖОО түсініктемесіне студенттер келіспейді. Олардың айтуынша, жатақхана қызметкері студенттердің ауырғанына қарамастан, жедел жәрдем шақырмауын өтінген. 

 Таң атпай 3-ші жатақханада бір қыз қатты ауырды. Дене қызуы 39-ды көрсетті. Вахтердан жедел жәрдем шақыруды өтіндік. Ол кісі болса, “жедел жәрдем шақырмай-ақ қояйық, тағы бәле болып кетеді” деп жауап берді, - дейді Алтын есімді студент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ирина Советжанқызының парақшасынан алынды
Өзгелердің жаңалығы