Қызылорданың жаңа әуежайы қашан пайдалануға беріледі
Облыс әуежайының жаңа терминалы алдағы жылы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметінше, жексенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қорқыт ата» әуежайы терминалындағы жұмыс барысымен танысты.
Меценат Болат Өтемұратовтың қоры өңірде халықаралық стандарттарға сай заманауи терминал салуға ниет білдіргені белгілі. Қазіргі әуежай жылына 137 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін 220 мың жолаушыны қабылдай алады. Ал жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейін ұлғаяды. Құны 33 миллион долларды, алаңы 7500 шаршы метрді құрайтын әуежайда телескопиялық трап екі қабатты болады.
Жолаушыларға, оның ішінде қозғалыс қабілеті шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін эскалаторлар мен лифттер қарастырылмақ. Жылдам әрі жайлы қызмет көрсету, өзін-өзі тіркеу бағандары, жүкті беруді өңдейтін автоматтандырылған жүйемен жабдықталады. Ал жергілікті әкімдік нысанға инфрақұрылым жүргізуде. Терминал құрылысы 2024 жылы аяқталмақ. Әуежай — өңірдің негізгі әуе қақпасы, сондықтан заманауи сипатқа ие болуы қажет. Бұл ретте әуежай басшысына қор өкілдерімен бірлесіп, терминал құрылысына қажетті жұмысты үйлестіру, уақытылы аяқтау тапсырылды, - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.