Қызылорданың қоғамдық көліктерінде ән шырқалды
Ұлт бірлігін үстем еткен ұлттық мерекеге арналған ауқымды шаралар Сыр өңірінде әлі де жалғасуда. Бүгін Қызылорда облыстық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің ұйымдастыруымен қоғамдық көліктерде "Өнерім саған, Қазақстан" атты патриоттық акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
25 қазан – Республика күніне орай аймақ жұртшылығына арналған шара қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аймақ өнерпаздары көпшілік назарына концерттік бағдарламаларын ұсынып, ән мен жырдан шашу шашты.
емлекет басшысының шешімімен ұлттық мереке мәртебесін қайтарған айтулы дата шеңберінде аймағымызда кең көлемде түрлі шаралар өз жалғасын табуда. Сыр жастарының бастамасымен қоғамдық көліктерде ән мен жырдың шырқалуы мереке қарсаңында қала халқына үлкен қуаныш сыйлайды, – деді облыстық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің директоры Талғат Оспанұлы.
Ал қала тұрғындары күнделікті күйбең тірлікпен айтулы мереке күндері ұмыт қалатынын, бүгінгі жоғары деңгейде ұйымдастырылған шаралар халыққа қуаныш сыйлай отырып, ұлт үшін тарихи күндерді есте қалардай өткізуге зор мүмкіндік беретінін айтуда.
Республика күні – нағыз қазақтың кеудесін қуаныш пен мақтаныш қатар кернейтін, халықтың ұлан-асыр той жасайтын ең керемет мерекесінің бірі ғой. Біраз уақыттан бері ұмыт болған ұлттық мерекені қайта тірілткен Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз. Ал бүгінгі шараға келсек, керемет өнерлерін паш еткен, мерекелік көңіл-күй сыйлаған жастарға рақмет айтамыз, – деді қала тұрғыны Нұрқияш Ералиева.
Мерекелік шарада қыз-жігіттер қоғамдық көліктерде ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен ұлттық әндерді шырқап, тұрғындарға қуаныш сыйлады. Қала тұрғындары жастармен бірге қосыла ән шырқап, бірге биледі.