Қызылордалықтың көлігінен граната мен марихуана тәркіленді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысында тұрғынның көлігінен граната мен марихуана тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен облыс көлемінде өткізіліп жатқан “Заңсыз тасымалдаушы” жедел-профилактикалық шарасы барысында М32 Самара – Шымкент тас жолының 1466/800 шақырымында күдік тудырған автокөлік тоқтатылған.
Тексеру барысында көліктің жүксалғышынан сөмкенің ішінен пакетке оралған гранатаға ұқсас жарылғыш зат және жүргізуші орындығының астынан екі газет қиындысына оралған өзіне тән ерекше иісі бар шөп ұнтақтары анықталды. Сараптамаға сәйкес, шөп ұнтақтарының кептірілген марихуана екендігі белгілі болды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан республикасы ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.