Қызылордалық теолог кілем тоқып жүр
Қызылордалық жас кәсіпкер Жандос Шораев ерекше әдіспен кілем тоқып жүр, - деп хабарлады Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ол үйін цехқа айналдырып алған. Екі айдан бері 20 кілем тоқып үлгеріпті. Әрқайсысын тоқуға көлеміне қарай берісі үш-төрт күн, әрісі бір апта керек.
Қазір көпшіліктің қолөнерге қызығушылығы жоғары. Сол себепті тапсырыс берушілер жетерлік. Сыйлық ретінде ұсынғысы келеді. Тұтынушы талабынан шығуға тырысамыз. Біз үшін сапа басты орында, - дейді кәсіпкер.
Кілем өндірісіндегі ерекшелік — тафтинг әдісін пайдалану. Ол бойынша бір жіппен тоқымайды, түйінделген шоқтармен толтырылады.
Кілемдері көз тартарлық. Сапасы да тәуір. Өз қалауың бойынша өрнек, сурет салдыра аласың, - дейді Айнаш есімді қала тұрғыны.
Технологияны меңгерген жігіт былтыр 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2,5 миллион теңге қайтарымсыз грант иеленді. Құрал-жабдық сатып алғасын жұмысты бастап кеткен.
Өнім сапалы шығу үшін жібек жіп пайдаланылады. Ол Алматы қаласынан жеткізіледі. Осы мегаполисте кәсіпкерлік негіздері бойынша сабақтар үйрендім, - дейді Ж.Шораев.
Жандостың негізгі мамандығы — теолог. Ерекше кәсіпке жетелеген сурет салуға икемділігі еді. Кілем тоқығанға дейін шегеден картина құрастырып жүрген. Оны «стринг-арт» деп атайды. Кейіпкеріміздің ендігі ойы — қалаулы кәсібін одан әрі дөңгелету.