Қызылордалық студент ЖЭО күлінен тротуар тақтасын жасау технологиясын әзірледі
Жобаның мақсаты – өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, жергілікті шикізатты тиімді пайдалану арқылы құрылыс материалдарының өзіндік құнын төмендету және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-курс студенті Балауса Мұсабек жылу электр орталығының күлі мен Тасбөгет кен орнының шағыл құмын пайдаланып, тротуар тақтасын өндіру технологиясын әзірледі.
Жобаның мақсаты – өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, жергілікті шикізатты тиімді пайдалану арқылы құрылыс материалдарының өзіндік құнын төмендету және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту. Зерттеу PhD Гүлнұр Жақыпованың жетекшілігімен жүргізілуде.
Материалдың сапасын анықтау үшін зертханада 45 сынақ циклі өткізіліп, үлгілердің микроқұрылымы зерттелген. Нәтижесінде жаңа технологиямен жасалған тақталардың сығылуға беріктігі 75,42 МПа-ға жеткен. Бұл дәстүрлі үлгілермен салыстырғанда шамамен 23 пайызға жоғары. Сонымен қатар жаңа материалдың су сіңіру көрсеткіші төмен, қажалуға төзімділігі жоғары. Аязға төзімділігі F300 деңгейінде бағаланған.
Жобаның экономикалық тиімділігі де есептелген. Дәстүрлі технологиямен өндірілген бір текше метр тақтаның өзіндік құны 47 238 теңге болса, жаңа әдіспен бұл көрсеткіш 41 328 теңгені құрайды. Осылайша, әр текше метр өнімнен 5 910 теңге үнемдеуге болады. Ал жылына 10 мың текше метр тақта өндірілген жағдайда үнем көлемі 59,1 млн теңгеге жетеді.
Жаңа технологиямен дайындалған тақталар тұрғын үй ауласына төселіп, нақты пайдалану жағдайында сынақтан өткен. Бақылау барысында олардың бетінде көзге көрінетін жарықтар мен бүлінулер байқалмаған.
Қазіргі уақытта технологияны өндіріске енгізуге дайындық жүріп жатыр. Алдағы уақытта материал құрамындағы зиянды элементтердің сумен шайылу ықтималдығын анықтау үшін қосымша экологиялық сараптама жүргізіліп, өндірістік сынақтар ұйымдастырылады. Сондай-ақ өнімді жаппай шығаратын арнайы өндірістік желі іске қосу жоспарланып отыр.