Қызылордалық кәсіпкер үздік қызметкерге көлік сыйлады

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы, Әйтеке би кентінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Думан Нұрылла қол астындағы үздік қызметкерге жеңіл көліктің кілтін табыс етті.

Жас кәсіпкер Думан Әйтеке би кентінде гүл бизнесін гүлдендіріп отыр. Наурыз мерекесі қарсаңында өзінің қарамағындағы қызметкердің біріне ерекше қуаныш сыйлады. Ол «Нұрай» гүл сату дүкенінің үздік жұмыс істеген қызметкері Бақытжан Мақшатқа көліктің кілтін табыстады.

«Елбасымыз биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бізге бұл кәсібімізді көркейтуге күш-қуат берді. Әрқашан мемлекеттік қолдауды сезініп келеміз. Сондықтан, мен де өзімнің қасымда жұмыс істеп жүрген азаматтарды қуантуды жөн көрдім. Солардың бірі – Бақытжан, көптен бері қарамағымда еңбек етуде. Жауапкершілігімен, адалдығымен көзге түсті. Қазіргі таңда тұтынушыларды таңғалдыру, көңілінен шығу оңай емес. Гүл сату үшін қосымша бірқатар қызмет түрін көрсетуге тура келеді. Мысалға, дүкеннің қызметкерлері мультфильм кейіпкерлерінің киімін киіп, тұтынушылардың үйлеріне барады, қуаныштарымен ортақтасады. Бұл жағынан Бақытжанды мақтан тұтуға болады», – деді кәсіпкер.

Басшысының көлік мінгізгеніне Бақытжан дән риза.

«Бұрын жұмысқа жаяу келетінмін, енді бұйырса, осы көлікпен қатынаймын. Біз уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Себебі, тапсырыс көп түссе, таңнан қас қарайғанша жүреміз. Думан да әрдайым қолдау білдіреді. Осы жолғы қамқорлығына айрықша қуаныштымын. Бұдан былай жұмыстан кейін кешке таксимен емес, өз көлігіммен үйге қайтамын», - дейді Б.Мақшат.

Жас кәсіпкер биылғы бастамасын келесі жылы жалғастыратынын жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы