19 Қараша 2026, 12:58 Фото: Ақорда

Қызылордадағы жаңа стадион УЕФА талаптарына сай: Тағы жеті қалада спорт нысандары салынып жатыр

Қазақстанда спорт инфрақұрылымын жаңарту және жаңа стадиондар салу жұмыстары жалғасып жатыр. Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай келетін жаңа стадион пайдалануға берілді. Ал Астанада 3 600 орындық жабық футбол стадионы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Заманауи спорт инфрақұрылымын дамыту – Мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі. Осы бағыттағы жұмыстардың алғашқы нәтижелерінің бірі – Қызылордадағы жаңа стадионның ашылуы. Қазір тағы жеті қалада жаңа стадиондардың құрылысы жүріп жатыр. Олар: Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Семей, Алматы, Қарағанды және Көкшетау, - деп айтты министр.

Қысқы спорт түрлерінен спортшыларды сапалы даярлау үшін Щучинск қаласындағы Республикалық шаңғы спорты базасы құрылысының үшінші кезеңі іске асырылуда.

Сонымен қатар балалар футболын және бұқаралық футболды дамытуға басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта балаларға арналған футбол алаңдарын салу жоспары бекітілген.

Бүгінге дейін 869 жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 70 футбол алаңын пайдалануға беру жоспарланған.

Бұдан бөлек, Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Алматы облысы мен Астанада спорт кешендері, сондай-ақ Ұлытау облысының Кеңгір ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан легионерлерді бюджеттен қаржыландыруды тоқтатып, спортта 8 млрд теңге үнемделгені айтылды.