"Қызылордадағы петроглифтер шетелге кетіп жатыр": Депутат дабыл қақты

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов археологиялық мұраларды қорғау мәселесіне ерекше назар аударып, жаңа заң жобасының қоғам үшін маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл заң шығады дегенде біз қуандық. Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде мен Президентке хат жолдадым. Қызылордадағы петроглифтер сияқты тарихи ескерткіштерді шетел азаматтары бұзып, өз үйлеріне алып кетіп жатыр. Сол кезде Президент әкімшілігі хат жолдап, мәселені қолға алу қажеттігін айтты, – деді депутат.

Мұрат Әбенов қазіргі заңнаманың кемшіліктерін атап өтті. Оның айтуынша, археологиялық және реставрациялық жұмыстарды заңсыз жүргізетіндер ешқандай жауапқа тартылмай отыр.

Егер заң болмаса, кім соттайды? Ашық деректерде көріп отырсыздар: шетелдік туристер тарихи нысандарды заңсыз пайдаланып, өз әрекеттерімен мақтанып жүр. Жауапкершілік жоқ, – деді депутат.

Сонымен қатар, депутат екінші оқылымға дейін заң жобасын қолдаудың маңыздылығын, Президенттің тапсырмасын орындаудың қажеттілігін атап өтті.

Бұл – қоғам үшін түсінікті, әрі халық алдында маңызды мәселе. Заң жобасын пысықтап, құқық қолдану тәжірибесін ескере отырып қабылдау қажет, – деді Мұрат Әбенов.

Алайда Әділет министрлігінің орынбасары Лаура Қанатқызы депутаттардың ұсыныстарының Үкімет тарапынан қолдау таппағанын айтты. Министрлік статистикалық деректерге сүйене отырып, соңғы жылдары қылмыстық кодекстің тиісті бабымен тіркелген құқық бұзушылықтар саны өте аз екенін мәлімдеді. Сол себепті қылмыстық санкцияларды күшейту қаншалықты қажет деген сұрақ туындайды.

Біз ең алдымен құқық бұзушылықтарды ашу және алдын алу шараларын күшейтуге басымдық беруіміз керек. Екінші оқылымға дейін тиісті органдармен талқылап, құқық қолдану тәжірибесін ескере отырып, қайта қарауға дайынбыз, – деді Лаура Қанатқызы.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің пікірінше, заң жобасы шетелдік азаматтар мен қазақстандықтар тарапынан тарихи және археологиялық мұраларды заңсыз пайдалану жағдайларын реттеу, қылмыстық жауапкершілік енгізу үшін аса қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы