Қызылордадағы ерекше аялдама жұрт назарында
Қызылорда қаласында пайдалануға берілген ерекше аялдамаға жұрт тамсанды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қызылорда қаласындағы бұл аялдама –«Өрт сөндірушілер аялдамасы» деп аталады. Сыр жұрты қоғамдық көлікті енді осы аялдамада күтеді. Тек көлік күтіп қана қоймайды, сондай-ақ аялдамадағы қауіпсіздік ережелерімен таныса алады.
Ерекше идеямен көзге түскен аялдама маңында суретке түсіп, әлеуметтік желі де жарыса жазып жатқандар көп.
Креативті дүние. Маған қатты ұнады. Ұнаған соң, әлеуметтік желідегі парақшамда бөлісіп отырмын. Аялдама тек қоғамдық көлік күтетін орын ғана емес, сондай-ақ нағыз пайдалы ақпараттарға толып тұр. Тек сол аялдаманы күтіп ұстау мәселесін ретке келтірсе, жауапты мекеме бекітсе, күшті болар еді, - дейді қалалық жастар орталығының директоры Әліби Басаров.
Жаңа арт-жоба аялдамасында жастар үшін өрт сөндіруші мамандығын қалай игеруге болатыны туралы да ақпараттар кездеседі.
Қызылорда облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары» баспасөз қызметінің мәліметінше аялдаманы есептен шыққан автокөлікті пайдалану арқылы жасаған. Бұл жобаның орналасу орны кездейсоқ таңдалмағанын айтады.
Аялдама №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жанында орыналасты. Аймақтағы қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлерге арналған «Отқа оранған өрендер» атты ескерткіші бар талай кәсіби маманды даярлаған әрі үлкен өрт сөндіру бөлімі аумағында ашылып отыр, - деді Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметінде.
Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен аялдама туралы халық та оң пікірде. Олар «Керемет идея екен. Тек осындай кереметті бүлдіріп кетпей, тұрғындар жанашырлық танытса», «Аялдаманы қысқа лайықты етіп әзірлегенде тіптен жақсы болар еді» деген сынды пікірлерде.