"Аяғы шайналып кетті": Қызылордада аттракционға барған жігіт ауыр жарақат алды
Қызылордадағы ойын-сауық саябағында қайғылы оқиға болды.
Қызылорда қаласында ойын-сауық саябағындағы аттракционда ауыр оқиға болып, жігіт ауыр жарақат алды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқыс жағдай салдарынан ол екі аяғынан жарақат алып, көп мөлшерде қан жоғалтқан.
Қазіргі уақытта дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті медициналық көмекті көрсетіп жатыр. Осыған байланысты жақындары мен туыстары тұрғындардан көмек сұрап, қан тапсыруға шақырды.
Екі аяғынан жарақат алып, қан тоқтамай жатыр. Көмектесіп, қан тапсырып жіберсеңіздер. Жігітті аман алып қалайық, - деп жазылды әлеуметтік желідегі парақшада.
Оқиға куәгері жағдайды бізге былай сипаттап берді.
Паркте құрбыммен жүргенмін. Айқай-шуды естіп, жүгіріп бардық. Барсақ ол аттракционның астында жатыр, аяғы шайналып кетіпті. Жағдайы хәл үстінде деп топтастары, туыстары жазып отыр. Сол жердегі адамдар көмектесті. Парк басшыларынан қандай да бір көмек болғанын білмеймін, керісінше, видеоны әлеуметтік желіге жариялағаным үшін қысым көрсетіп отыр,- дейді оқиға куәгері.
Ал мәселенің мән-жайын білу үшін парк басшылығына хабарласқанымызбен, телефон тұтқасын көтеретін жан табылмады.
Қызылорда облысы полиция департаментінің мәліметінше, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі уақытта аталған іс аясында болған оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық іс бойынша заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады. Істің тергелуі Қызылорда облысы Полиция департаментінің бақылауында, – делінген хабарламада.