Қызылордада жұмысқа тұрғызамын деп алдаған алаяқ сотталды

Қызылордада жұмысқа тұрғызамын деп алдаған алаяқ сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен айыпталған Т-ның қылмыстық ісі қаралып, айыптау үкімі шығарылды.

Сотталушы Т. сот үкімімен төмендегідей қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылған. Атап айтқанда ол, жәбірленуші К.-ны алдап, таныстары арқылы оның баласын темір жол станциясына жұмысқа орналастырып беремін деп сеніміне кіріп, 1 680 000 теңге ақшасын алаяқтық жолмен иемденген.

Сотталушының қылмыстық әрекеті іс құжаттарымен және сотта өзінің айыбын мойындап берген жауабымен толық дәлелденген.

Қылмыстық заңнамаға сәйкес, бұл қылмыстық әрекет онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.

Сот үкімімен Т. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеусіз, 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, сол мерзімге пробациялық бақылау белгіленген. Сондай-ақ, қылмыспен келтірілген шығын жәбірленушінің пайдасына өндірілген, - деп жазылған хабарламада.

Үкім заңды күшіне енбеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы