Қызылордада жүгері алқабы 28 мың гектардан асады
Қызылорда облысында жүгері егістігінің көлемі 28,4 мың гектарға дейін ұлғайып, құны 40 млрд теңге болатын крахмал-сірне зауытын іске қосу жоспарланып отыр.
Қызылорда облысында 2027 жылы жүгері егісінің көлемін 28 395 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Өңірде жүгеріні терең өңдейтін 40 млрд теңгелік зауыттың құрылысы да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысының суды тиімді пайдалану және ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс көлемін оңтайландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыста егіс құрылымын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл мәселе облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен жиында қаралды. Басқосуда егіс алқаптарын кеңейту және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Алдағы жылдары жүгері алқабын ұлғайту үшін 2026–2028 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Өңірде судың әр текше метрін тиімді пайдалана отырып, өнімділік пен ауыл шаруашылығының экономикалық тиімділігін арттыру көзделіп отыр.
Өткен жылы облыста жүгері 2 мың гектарға егілсе, биыл оның көлемі 11 мың гектарға жеткен. Нәтижесінде алқаптардан 60 мың тоннадан астам өнім жиналды.
Сондай-ақ өңірде заманауи агротехнологиялар мен су үнемдеу жүйелері енгізіліп жатыр. Мәселен, Шиелі ауданындағы «Таң ЛТД» серіктестігі 1 мың гектар алқапқа жүгеріні тамшылатып суару әдісімен өсірген. Ал «Тұқым шаруашылығы орталығы» жаңбырлатып суару қондырғыларын пайдаланған.
Бұдан бөлек, «Harvest Agro» компаниясының қатысуымен 7 мың гектар жерге жүгері мен мақсары егу жұмыстары басталған.
«Мемлекет егіс алқаптарын әртараптандыруды қолдап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолайлы жағдай жасап отыр. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану. Әрбір шаруашылықпен жеке жұмыс жүргізіп, жүгері егу науқанына дайындықты уақытылы әрі сапалы үйлестіру қажет», – деді Мұрат Ергешбаев.
Егіс көлемін арттырумен қатар, облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі де қолға алынған. Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде құны 40 млрд теңге болатын «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жоба екі кезеңнен тұрады. Биыл бірінші кезең аясында жүгеріні кептіру және 20 мың тонна өнім сақтауға арналған кешеннің құрылысы аяқталды. Келесі кезеңде жүгеріні терең өңдеп, крахмал, сірне және қосылған құны жоғары өзге де өнімдер өндіру жоспарланған.
Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті шаруаларға өнімін өткізуге мүмкіндік беріп, өңдеу өнеркәсібінің дамуына, импортқа тәуелділікті азайтуға және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.