Қызылордада жол апатынан қаза тапқан оқушылардың отбасына қаржылай көмек беріледі – әкім
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың тікелей тапсырмасымен оның орынбасарлары қаза болған балалардың жанұясымен кездескен. Бұл жөнінде бүгін өткен баспасөз брифингінде әкім түсініктеме берді.
Жүргізуші рөлді басқара алмай, жолдың бойындағы аялдамаға барып соғылған. Ол бес адамды қағып өтіп, үшеуі оқиға орнында, біреуі ауруханада қайтыс болды. Осыған байланысты, әрине мен өзімнің орынбасарларыма, облыс аппаратының басшыларына арнайы тапсырма бердім. Олар қайғылы жағдайға душар болған үйлерді аралап, менің атымнан көңіл айтты. Міндетті түрде материалдық көмек көрсететін боламыз, - деді Қуанышбек Ысқақов.
Еске сала кетейік, күні кеше ғана Қызылордада жеңіл автокөліктің жүргізушісі жол бойында аялдамада автобус күтіп тұрған жолаушыларды қағып кеткен. Үш адам оқиға орнында көз жұмған еді. Оның екеуі бір отбасының баласы болып шықты. Тағы екі зардап шекен ана мен баланы ауруханаға жеткізген. Кейін ұл бала емханада көз жұмды. Сондай-ақ, жүргізушінің де ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.