Қызылордада жедел-құтқару жасағының инфрақұрылымы жаңартылды
Жоба ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың қаржысы есебінен жүзеге асырылған.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қызылорда қаласындағы жедел-құтқару жасағына барып, жүргізілген жөндеу жұмыстары мен жаңартылған материалдық-техникалық базамен танысты.
Жөндеу барысында әкімшілік ғимарат, жұмыс кабинеттері мен демалыс бөлмелері толық жаңартылып, қоймалар, гараждар және ангарлар жөнделді. Сонымен қатар оқу-жаттығу полигоны, спорт алаңы және кинологиялық қызметке арналған арнайы аймақтар жабдықталды. Аумақ абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Министр құтқарушылар үшін жасалған заманауи жағдайлар олардың тиімді жұмыс істеуіне және жедел әрекет етуіне оң әсер ететінін атап өтті.
Жоба ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың қаржысы есебінен жүзеге асырылған. Жыл басынан бері Қызылорда құтқарушылары 360-тан астам рет құтқару және іздестіру жұмыстарына шығып, шамамен 130 адамды құтқарған.