Қызылордада жалғызбасты анаға берілген пәтер дау тудырды
Дауға ерекше қажеттілігі бар жанды тәрбиелеп отырған анаға пәтердің бесінші қабаттан берілгені себеп болып отыр.
Қызылорда тұрғыны 12 жыл дегенде өз пәтеріне қол жеткізген. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмады. Ерекше қажеттілігі бар жанды тәрбиелеп отырған ана оған пәтердің 5-қабаттан берілгенін айтады. BAQ.KZ тілшісі пәтер иесімен тілдесіп, мән-жайды білді.
Перизат Оржанова – Қызылорда қаласының тумасы. Екі баланың анасы. Оның 15 жастағы ұлының тірек-қимыл жүйесі бұзылған және көру қабілетінен айырылған. Жаңа жыл алдында ұзақ күткен пәтеріне қол жеткізгенде ерекше қуанғанын айтады.
Өзім толық отбасы ретінде 2014 жылы осы ерекше қажілеттігі бар баланың қамқоршысы ретінде үй кезегіне тұрғанмын. Кейін балаларымның әкесімен заңды түрде ажырастық. Содан өткен жыл соңында кезегім келіп, сол жағалаудан 3 бөлмелі пәтердің кілтін алдым, - дейді ол.
Алайда оның бұл қуанышы пәтер нөмірін естігенде су сепкендей басылған.
Үй алғаныма қуанып, келісімімді беріп қойғанмын. Ал пәтерімнің нөмірін білгенде, алаңдаушылық пайда болды. Себебі маған берілген пәтер бесінші қабатта орналасқан. Мен ерекше баламмен оған қалай шығамын деген сұрақ туындады, - дейді ол.
Перизат Оржанованың айтуынша, ұлына кішкентайынан сал ауруы диагнозы қойылған. Отбасы қазір апатты жағдайдағы сүрілуге кеткен баспанада тұрып жатыр.
Сондай-ақ ол, тұрғын үй басқармасының да, банктің де, қалалық әкімдіктің де есігін бірнеше рет қаққанын айтты.
Маған берілген пәтерден "отказ" жазыңыз дейді. Ал "жаңа пәтердің тез арада берілуіне кепілдік бересіз бе?" десем, жауап бере алмайды. Бәрін жүйе анықтайды дейді. Ұзақ күткен пәтеріме енді ғана қол жеткізгенде, қайтадан күтуге тура келе ме деп, келісім бермей отырмын, - дейді пәтер иесі.
Сондай-ақ ананың сөзінше, Отбасы банк берген ресми жауапта: "Пәтерде жеделсаты (лифт – ред.) болғандықтан, үй бесінші қабаттан берілді" делінген. Алайда тұрғын үйде жедел саты қарастырылмаған.
Ал "Отбасы банк" өкілдері егер жазбаша түрде өтініш түсірсе, несие рәсімдеу тоқтатылып, кезектілігі сақталатынын және келесі нысан пайдалануға берілгенде жүйе оның жағдайын қайта қарастыратынын айтты.
Ал ерекше бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана құр уәделерден шаршағанын, осыған дейін ешқандай ұсыныс болмағанын айтып, енді облыс әкімінің қабылдауынан үміт күтіп отырғанын жеткізді.