Қызылордада үй ауласында атыс ұйымдастырғандар ұсталды

Қызылордалық полицейлер ізін суытпай бұзақылық жасаған күдіктілерді құрықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

13 мамыр таңғы сағат 07:00 шамасында ПБ-ға көпқабатты үй ауласында белгісіз азаматтар қару қолданып, төбелесіп жатқандығы туралы хабарлама түскен. 

Жалдамалы пәтерде бірнеше таныс азамат бір-бірімен сөзге келіп, кейін пышақ және травматикалық қару қолданып, жанжалдасып, барлығы оқиға орнынан бой тасалағаны белгілі болды. Екі күдікті қала аумағында ұсталса, тағы екеуі автокөлікпен Самара-Шымкент тас жолында құрықталды. Қалған күдіктілерді анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Ұсталғандар Шымкент қаласының және Маңғыстау облысының тұрғындары болып шықты. Оқиға орнынан және автокөліктен айғақты заттар алынды, - деді Қызылорда ОПД Криминалды ПБ бастығының орынбасары Рустам Сайдильдинов.

Белгілі болғандай, екі адамға медициналық көмек көрсетілді. ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы