Қызылордада УЕФА стандартына сай жаңа стадион ашылды

Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған заманауи көпсалалы стадионның салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Спорт нысанының жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Мұнда футболдан бөлек, бокс, күрес, спорттық гимнастика, таеквондо және ауыр атлетикаға арналған залдар қарастырылған. Сондай-ақ кешен ерекше қажеттіліктері бар жандарға да қолайлы жағдай жасалған.

«Қайсар Арена» стадионы УЕФА-ның 4-санатына толық сәйкес келеді. Футбол алаңы заманауи жасанды көгалмен жабдықталып, жарықтандыру жүйесі де халықаралық талаптарға сай жасалған.

Мәдениет және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Биылдың өзінде 14 өңірде 32 спорт нысаны пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 70 нысанның құрылысы аяқталады, – деді ол.

Айта кетейік, бұл – елімізде УЕФА стандартына сай салынған үшінші стадион. Бұған дейін Түркістанда халықаралық деңгейдегі ескек есу арнасы ашылса, алдағы жылы елордада Қ. Мұңайтпасов атындағы жаңа стадион пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Ұлттық спорт университетінің құрылысы да аяқталуға жақын.

Ресми деректерге сәйкес, қазір қазақстандықтардың 40%-дан астамы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Үкімет 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 65%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Туризм және спорт министрлігі
Өзгелердің жаңалығы