Қызылордада түрмеге гамбургермен насыбай өткізбек болды
Қызылордадағы №60 мекемеде сотталғанның інісі ағасына тыйым салынған зат жеткізудің амалын таппақ болған. Алайда жоспары жүзеге аспады.
Қызылорда қаласындағы №60 түзеу мекемесінде сотталғанға тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің жолы кесілді. Сотталғанның інісі сәлем-сауқат арқылы гамбургердің ішіне төрт дана насыбай жасырып өткізбек болған.
Қызылорда облысының Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мәлім еткендей, оқиға мекеменің бақылау-өткізу бекетінде анықталды. 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі мен №60 мекеме қызметкерлері күмәнді затты байқап, тексеру барысында тыйым салынған өнімді тапқан.
Тыйым салынған затты жеткізбек болған азаматқа қатысты материалдар сотқа жолданды
Мекеме әкімшілігінің мәліметінше, насыбайды сотталғанға жеткізбек болған азамат – оның інісі. Ал жазасын өтеп жатқан азамат 9 жылға бас бостандығынан айырылған.
Аталған дерек бойынша азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша тиісті құжаттар рәсімделіп, материалдар әкімшілік сотқа жолданған.
Қазақстанда насыбайға тыйым салынған
Айта кетейік, Қазақстанда 2015 жылдан бастап насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынған. Шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сату үшін 25 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасаған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.