Қызылордада тұрақтандыру қорында азық-түлік тапшылығы жоқ

Облыста баға тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өнім қорларын қалыптастыру мақсатында облыстық бюджеттен соңғы үш жылда 3,9 млрд теңге бөлінді. Бүгін аймақтағы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары қоры мен бағаларын білу үшін Өңірлік коммуникациялар қызметі облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасымен бірлесіп БАҚ өкілдеріне көшпелі баспасөз турын өткізді.

Көшпелі брифинг барысында «Байқоңыр» ӘКК Тұрақтандыру қорының жұмыс жөніндегі басқарма басшысы Талғат Бекішев «Алтын қамба» АӨК ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасындағы тауар қорларымен таныстырды. Одан әрі әлеуметтік дүкен жұмысымен танысып, ондағы тауар бағалары нақтыланды. Бүгінгі күні өңірдің тұрақтандыру қорында 800 тоннаға жуық өнім қоры бар.

Тұрақтандыру қорының өнімдері және «Айналым схемасы» шеңберінде қарыз алған кәсіпкерлік субъектілерінің өнімдері 38 әлеуметтік дүкен арқылы және облыс орталығының 17 ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрыштары арқылы сатылады. Барлық әлеуметтік дүкендерде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылуда. Атап айтқанда, нан – 55, қант – 444, өсімдік майы – 630 теңгеден, картоп – 130, сәбіз – 130, басты пияз – 100, қырыққабат – 95, 1 сортты ұн – 135, қарақұмық жармасы – 514, күріш – 175, макарон – 200, сиыр еті – 1700, тауық еті – 785, жұмыртқа – 29, сүт – 280, айран – 225 теңгеден, сүзбе – 1283, сары май – 2504 теңгеден және тұз 40 теңгеден сатылуда.

Сондай-ақ, облысқа ұн өндіруші кәсіпорнымен 4 699,4 тонна ұн босатылып, оның ішінде 4383,7 тоннасы облыстағы 51 ірі наубайханаларға бөлке нанды төмендетілген бағада сату үшін мақсатты түрде берілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы