20 Қыркүйек 2026, 02:50 Фото: gov/kz

Қызылордада Сырдария арқылы өтетін жаңа көпір салынады

Жаңа көпір И.Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтеді. Құрылысты «ВД Строй Инжиниринг» компаниясы жүргізеді. Нысанның ұзындығы 338 метр, ені 23 метр болады.

Қызылорда қаласында Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысының капсуласын салу рәсімі өтті.

Шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Құрылтай депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Жиында аймақ басшысы өңірде инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында бірқатар ауқымды жобаның жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, ел аумағындағы теміржол вокзалдарын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту қарқынды жүріп жатыр.

Бүгінде Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Сексеуіл теміржол вокзалдарындағы жұмыс толық аяқталып, нысандар ел игілігіне қызмет етуде. Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы қайта жаңғыртудан өтті. Жалағаш және Тереңөзек кенттеріндегі екі қызмет көрсету пунктінде жұмыс жалғасуда. Күні кеше Арал теңізі, Төретам және Жосалы теміржол вокзалдары ел игілігіне табысталды.

Бүгін сіздермен бірге тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің капсуласын салу рәсімі аймақтың даму белесіне тың серпін қосарына сенім зор, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Жаңа көпір И.Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтеді. Құрылысты «ВД Строй Инжиниринг» компаниясы жүргізеді. Нысанның ұзындығы 338 метр, ені 23 метр болады.

Жоба қаладағы көлік қатынасын жақсартып, жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өңірде Сырдарияның қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дария жағалауында екі жолақты жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынуда. Бұл жұмыстар өзен жағалауын су тасқынынан қорғаумен қатар, тұрғындарға жайлы демалыс аймағын қалыптастыруға бағытталған.

Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жалпы құны 30 млрд теңге болатын 22 жоба іске асырылып жатыр.

Сондай-ақ «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы жаңа көпірдің құрылысы аяқталған. Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл, Наурыз және Есенов көшелері кеңейтілді.

Қалаға қарасты елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда кенттер мен ауылдық округтердің 32 көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.