Қызылордада «Сыр жастары» өңірлік бағдарламасының қатысушыларына үй берілді

Қызылордада «Сыр жастары» өңірлік бағдарламасының қатысушыларына 40 пәтерлік тұрғын үйдің кілті табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аймақ басшысы жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін білдіріп, өңірдегі ауқымды жобаларды атап өтті.

Жастардың тұрғын үйге мұқтаждығы мәселесін шешу үшін 2022 жылдың желтоқсан айында өткен облыстық жастар форумында алғаш рет «Сыр жастары» бағдарламасын несиелендіру жолымен жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Оған облыстық бюджеттен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кредит беруге 1,2 млрд теңге бөлінді. «Сыр жастары» – жылына 100 жас отбасыны баспанамен қамту бағытында қолға алынған өңірлік тың жоба. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар халқымызда. Өз кезегінде бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» 500 млн теңге қаржы бөлді. Мамыр айында 60 жас отбасы баспаналы болды. Бүгін міне 40 пәтердің кілтін табыстаймыз. Бұл қоныстой – басталған жұмыстың жалғасы. Бағдарламаға келесі жылға да облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Шаңырақтарыңыз балалармен базарлы, құтты қонақтарымен ажарлы болсын! – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Пәтер кілтін алған отбасылар қатарында ұстаздар, медицина мамандары мен бюджеттік мекемелер қызметкерлері бар.

Айта кетейік, биыл облыс бюджеті 750 млрд теңгеге жетіп, тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге бөлінді. Өткен жылдан бері қалада жеті, тоғыз, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
Мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық жобалар аясында соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Жыл басынан бері 2000-ға жуық отбасы қоныстой тойлады, тұрғын үй құрылысы көлемі 126 пайызға өсті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы