Қызылордада сотталғандарға ауызашар берілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда қалалық Айтбай мешіті сотталғандарға ауызашар берді, деп хабарлады Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД.
Айлардың сұлтаны – Рамазан айында ауызашар беру сауапты іс саналмақ. Осындай ізігілікті, қасиетті, сауапты шараны «Айтбай» мешіті арнайы сотталғандарға ұйымдастырды.
Мешіттің наиб имамы Нұрлыбек Шаймерденұлы қауіпсіздігі барынша төмен ЗК-169/4 мекемесіне келіп, ораза ұстаған азаматтарға ізгі тілегін білдіріп, Рамазан айының қадір-қасиетін айтып, азаматтарды жақсылыққа үндеді. Ораза парызы: барлық нәрседен тыйылу, яғни құлағымызбен жаман сөз естімей, ауызымызбен жаман сөз айтпай, оразада жамандықтан аулақ жүріп,оны ғибратты өткізу керек екендігін мәлімдеді.
Қазіргі таңда мекемеде 170-тен астам сотталған жазасын өтеуде, оның 25-і мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында ораза ұстап жатыр.
Менің ораза ұстап жүргеніме біраз жыл болды. Бастысы ниетің түзу болса болғаны. Ораза адамды сабырлыққа шақыратын ай.Осы оразада Алла тілеген тілектерімізді қабыл етсін. Бүгінгі ауызашар беріп жатқан мешіт қызметкерлеріне алғымыз шексіз,– деді сотталған азамат.