Қызылордада сотталған әйел заңды некеге тұрды
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде 150-ден астам сотталған жазасын өтеп жатыр. Олардың арасында әйелдер де бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін осы мекемеде қалалық АХАЖ бөлімінің қызметкерінің қатысуымен 34 жастағы Д. есімді әйелдің некесі қиылып, неке қию куәлігі табысталды.
Сотталғандар үшін заңды некеге тұру, оның түзелу жолына түсуіне, өз орнын табуына және болашақта отбасылық жауапкершілікті сезінуіне ықпал етеді. Мекемеде жыл басынан 3 сотталған заңды некеге тұрған. Мекеменің тәрбие бөлімі қызметкерлері мен психолог маманы сотталғандарға үздіксіз тәрбиелік жұмыстар жүргізіп, әлеуметтік тұрғыда бейімдеп, психологиялық қолдау көрсетеді. Олардың өмірге деген көзқарастары өзгеріп, бостандыққа шыққанда қоғамға тез сіңісіп кетеді, - дейді тәрбие бөлімінің бастығы Бауыржан Сәметов.
Некесі қиылған әйел бүгін ол үшін қуанышты күн екенін ерекше атап өтті.
Бостандықта кездескен сүйіктіммен заңды некеге тұрдым. Отбасын құруға мүмкіндік берген түзеу мекемесінің әкімшілігіне ризашылығымды айтқым келеді. Кез келген адам бақытты болуға лайықты, - дейді сотталған әйел.