Қызылордада сарбаздың өліміне қатысы бар адам ұсталды

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласында сарбаздың өліміне қатысы бар адам ұсталды. 

Қызылорда қаласында қаңтар айының 5 күні жаппай тәртіпсіздік болғаны белгілі. Мұның салдарынан полиция қызметкерлері жараланып, 5547 әскери бөлімінің сарбазы ауыр жарақаттанып, оқиға орнында көз жұмды.

Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 15) тармағымен (жаппай тәртіпсіздік барысында адам өлтіру) және Қылмыстық кодексінің 380-1-бабы 2-бөлігінің 5) тармағымен (басқа адамдардың өміріне қауіп төндіріп әскери қызметшіні қазаға ұшырату) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Полиция қызметкерлері жүргізген арнайы іс-шаралар нәтижесінде жас сарбаздың өліміне қатысы бар 31 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Бүгінгі күні, іс бойынша тергеу жалғасып жатыр және өзге мәліметтер тергеу құпиясын сақтау мақсатында жариялануға жатпайды, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы, аумақтық комендант Сұлтан Бектөре.

Ал өңірде қалыптасқан жағдайға байланысты облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің мәлімдеуінше, облыста тіршілікті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Төтенше жағдай режиміне байланысты облыстық полиция департаментінде жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Бүгінде 365 азамат полиция органдарына жеткізілді. Арнайы операциялық топ уақытша қамау изоляторына 54 азаматты қамады. Оның 40-ы төтенше жағдай режимін бұзған. Олардан барлығы 3 атыс қару, 13 суық қару, 8 қалқан, 4 каска, 5 дубинка тәркіленді, - деді Серік Әбжәліұлы. 

Айта кетейік, 5 қаңтарда Қызылорда қаласында лаңкестердің қолынан 1 қызылордалық құқық қорғаушы қаза тапқан еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы