20 Қазан 2026, 13:37 Фото: istockphoto.com

Қызылордада сәби өліміне қатысты күдіктіні табуға көмектескен адамға 500 мың теңге беріледі

Қызылордада бес айлық нәресте көз жұмған жол апатына қатысты күдіктіні іздеу жалғасып жатыр. Қаладағы заң компаниясы оның жүрген жерін анықтауға көмектесетін нақты ақпарат үшін 500 мың теңге сыйақы жариялаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қайғылы оқиға 13 қазанда Құлтекенов көшесінде болған. Жол апаты салдарынан бес айлық сәби қаза тапқан. Сыйақы күдіктінің орналасқан жерін анықтауға көмектескен нақты ақпарат үшін төленеді.

Ал полиция бүгін күдіктінің әлі табылмағанын хабарлап, тұрғындардан оны іздеуге көмектесуді сұрады. Іздестіріліп жатқан азамат - 2000 жылғы 1 шілдеде туған Алексей Александрович Великов.

Қызылорда қалалық полиция басқармасының мәліметінше, ол Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша күдікке ілінген және анықтау органынан бой тасалап жүр. Оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Жоғарыда көрсетілген азамат туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, 102 нөміріне немесе 8 (7242) 27-77-01, 27-64-71 телефондары арқылы полицияға хабарласуды сұраймыз, - делінген жазбада.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада жүргізуші сәбиі бар әйелді көлігімен қағып, қашып кеткенін, жол апатынан кейін бала қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.