Қызылордада қоғамдық көлік қатарына тағы 50 автобус қосылды
Шежірелі өңірдің 85 жылдығы, Қызылорда қаласының 205 жылдығы аясында жолаушыларға қызмет көрсететін 50 жаңа автобус жолға шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Автобустар кілтін табыстау рәсімінде облыс әкімі Нұрылбек Нәлібаев қызылордалықтарды құттықтап, көлік инфрақұрылымын дамытуға баса мән берілетінін айтты.
Жаңа автобустар жолаушыларды тасымалдау қызметінің техникалық, сапалық деңгейін халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкестендіру үшін жан-жақты тексеруден өткізілген. Арнайы сұраныс арқылы жергілікті жердің климаттық жағдайына бейімделіп дайындалған.
Айта кетейік, өңірде жеке демеуші есебінен «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы, Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынуда, теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтуде.
Президент қолдауымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығы 4 жолақты жолға ауысады.
Сыр өңірі үшін маңызды жобалардың бірі - «Қызылорда-Жезқазған» автожолының Қызылорда облысына тиесілі 216 шақырымының 104 шақырымы аяқталуға жақын.