Қызылордада микробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы ашылды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығын мерекелеу аясында биология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Амангелді Құрбанұлы Саданов атындағы микробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Салтанатты шарада басқарма төрағасы-Ректор Бейбіткүл Кәрімова ғалымның ғылым мен білім беру ісіне қосқан зор үлесін атап өтті.

Амангелді Құрбанұлы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің өркендеуі мен дамуына, оның ішінде бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға, ғылыми кадрларды даярлауға, университетіміздің профессор-оқытушыларының тағылымдамасына, сондай-ақ" микробиологиялық ғылыми - зерттеу орталығын" жарақтандыруға және өскелең ұрпаққа сапалы білім алуға үлкен үлес қосуда, - деп атап өтті Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Амангелді Құрбанұлы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі. Университетті бітіргеннен кейін ол В.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылық ғылымдары академиясының шығыс бөлімі Қазақ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқуын аяқтайды. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің топырақ биологиясы мемлекеттік басқармасының докторы. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде ғалым 1984 жылы биология ғылымдарының кандидаты, 1995 жылы биология ғылымдарының докторы атағын алды.

Ғалым өз мектебін жаңа ғылыми салалардың бірі-топырақ биотехнологиясы мен микробиологиясын зерттейтін ғалымдарды біріктіру арқылы құрды.  Сонымен қатар, ол биологиялық және медициналық препараттарды өндіру бойынша "Өнеркәсіптік микробиология" кәсіпорнын ашуға бастамашы болды. Шығарылған препараттар халықтың денсаулығын жақсарту үшін қолданылған. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, ветеринария үшін 8 жаңа отандық биопрепарат технологиялары әзірленіп, өндіріске енгізілді. Кәсіпорыннан жыл сайын 80-90 тонна түрлі биологиялық өнімдер шығарылады және сатылады.

Профессор Қорқыт ата университетінің ғалымдарымен ғылым саласындағы инновациялармен бөлісті және ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асырды. Осындай еңбектердің арқасында "Саданова"мектебі құрылды. Біз осындай тұлғаларды мақтан тұтамыз, - деп атап өтті биология ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Ибадуллаева.

Амангелді Садановтың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша 1000-нан астам ғылыми жұмыстар жарияланды. Оның ішінде 620 ғылыми мақала, 24 монография, жоғары оқу орындарына арналған 39 әдістемелік құрал мен оқулық, 155 авторлық куәліктер мен патенттер, тауар белгілері алынды.

Ғалымның жетекшілігімен 40 ғылым кандидаты мен 17 ғылым докторы дайындалды, бүгінде олар жақын және алыс шет елдерде, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істейді.

Амангелді Құрбанұлының қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Атап айтқанда, ол Қазақстан Республикасының Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері", "Құрмет", "Парасат" ордендерінің иегері, Білім беру ісінің үздігі белгісінің иегері.

Микробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы салтанатты түрде Бейбіткөл Сәрсемханқызы мен Аманкелді Құрбанұлы ашты.

Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, ЖОО ардагерлері, оқытушылар мен білім алушылар, оқушылар мен ғалымның замандастары қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы