Қызылордада медициналық анықтамалардың үштен бірі жалған болып шықты

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында мамандар зерттеп-зерделеу барысында №086 медициналық анықтамалардың үштен бірі жалған екенін анықтаған. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов мәлімдеді.

Агенттіктің облыстағы құрылымдық бөлімшелері жаңа форматта алқа мәжілісін ұйымдастырды. Яғни жиында жетістіктерді айтуға басымдық берілген жоқ, керісінше, кемшілік пен заңсыздық әрекеттер талқыланды. Басқсоуда тұрғындарға қолайлы қызмет көрсету, оның қолжетімді болуы және жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қарсы күресу мәселелері сөз болды.

Сондай-ақ, отырыста қажеттілігі маңызды болмаса да жұмыс берушілер талап ететін медициналық анықтамалар да әңгімеге арқау болды.

«Бүгінде, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою үшін «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы аясында мекенжай анықтамасы, №083, №086 медициналық анықтамалары және басқа да анықтамаларға зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде, анықтамалардың кейбірін қолданыстан алып тастау туралы ұсыныс беруді көздеп отырмыз. Өйткені, ол құжаттардың қажеттілігі жоқ десек те болады, олар белгілі бір шешімді қабылдауға әсер етпейді», - дейді департамент басшысы Абзал Мұхимов.

Атап айтқанда, Қызылорда облысында 2017 жылы денсаулық сақтау ұйымдары 11450 рет №086/е үлгісіндегі медициналық анықтама берсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 2,5 есеге көбейіп, берілген анықтаманың саны 28529 данаға жеткен. Осы анықтаманың жалған жасалатыны жұртшылық арасында сөз тараған.

«Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жүргізілген мониторинг нәтижесінде зерттелген 164 дана №086/е медициналық анықтаманың 53-і шынайылығы күмән тудыратын анықтама екендігі анықталған. Осы факті бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жолданып, қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деді Абзал Сансызбайұлы.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, интернет сайттар мен әлеуметтік желілердегі хабарландыруларға жүргізілген мониторинг барысында санитарлық медициналық кітапшаны, құжаттарды дайындап беремін деген хабарландыру бойынша «Жасырын сатып алушы» әдісімен жалған санитарлық кітапшаны әзірлеу фактісі анықталды.

«Жалған санитарлық кітапша жасау фактісі бойынша тиісті құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзырлы органдарға жолданды», - дейді А.Мұхимов.

 Ибраш Әли

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы