4 Қыркүйек 2026, 08:53 Фото: gov/kz

Қызылордада күн қуатымен жұмыс істейтін алғашқы күріш зауыты ашылды

Баламалы энергиямен жұмыс істейтін зауытта 50 жұмысшы еңбек етеді. Компания қалдықсыз өндіріс қағидатын ұстанады.

Қызылорда облысында күн электр стансасымен жұмыс істейтін алғашқы күріш зауыты іске қосылды. Қалдықсыз өнім қағидатына негізделген өндіріс орны толықтай автоматтандырылған.

Күріш егіп, оны жинау – өндірістің бір бөлігі ғана. Бүгінгі бәсекеде өнімді өсіру аздық етеді. Оны артық шығынсыз өңдеу, сапасын сақтау, әлемдік нарыққа дайын тауар шығару маңызды. Осы талаптың үдесінен шыққан серіктестік автоматтандырылған күріш өңдеу зауытын іске қосты. Жобаның құны – 1 миллиард теңге. Ең маңыздысы кәсіпорын күн электр стансасының қуатымен ғана жұмыс істейді. Үнемділік тауардың құнына да тікелей әсер етеді.

Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты күріштің өтуі өте қиын жағдай тұр. Себебі көршілес елдер санкцияға түсіп, тек күріш емес, ауылшаруашылығы өнімдері Қазақстан, ТМД елдеріне кіріп жатыр. Бәсекелестікте үлкен жетістікке жету үшін күрішіміздің құнын азайтып, күрішті сыртқа және ішкі нарыққа сатуға жұмыс жасап жатырмыз, – деді серіктестік директоры Сағидулла Сыздықов.

Өндірушінің басты қаруы – технология. Өзіндік құнды төмендетсең, нарықта қаласың. Сапаны көтерсең, экспортқа жол ашылады. Мұндағы өнімнің шамамен 60 пайызы сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Ол үшін арнайы зертханадағы мамандар дақылдың ылғалдылығын анықтап, сынғандарын сұрыптап отырады.

СТК 10/22 мың стандарты бойынша күрішті әр 20 минут сайын тексеріп отырамыз. Өнім стандарт талаптарына сай болуы тиіс. Егер талапқа сай келмесе, бұл туралы мамандарға дереу ескертіп, сынық мөлшерін 8 проценттен 1 процентке дейін төмендетеміз, – деді зертханашы Нұрсәуле Өтетілеуова. 

Баламалы энергиямен жұмыс істейтін зауытта 50 жұмысшы еңбек етеді. Компания қалдықсыз өндіріс қағидатын ұстанады. Яғни күріштің қауызын да кәдеге жаратып отыр. Жаңа зауыт мүмкіндікті одан әрі кеңейте түспек.