Қызылордада кірпіш зауытының құрылысы басталды
Қызылордада жаңа кірпіш зауытының құрылысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24kz-ке сілтеме жасап.
Кәсіпорын жылына 90 млн дана кірпіш шығаруға қауқарлы. Төрт жарым млрд теңгеге бағаланған жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізіп, өңір өзін-өзі құрылыс материалдарымен қамтамасыз ете алады. Нысан 10 ай ішінде салынып бітуі тиіс. Кірпіш зауыты индустриалды аймақта салынады. Бұл мақсатқа 7 гектар жер бөлінді. Оның құрылысы салтанатты жағдайда басталды. Нысанды тұрғызу кезінде 70 жұмыс орны құрылады. Барлық өндірістік процесс автоматты болады. Газбен жұмыс істейтін зауытта соңғы үлгідегі технологиялық желілер орнатылады.
Өнімнің бір ерекшелігі – біріншіден, мынау 100% браксыз шығатын ерекшелігі сонда. Себебі қыш бір орында тұрады. Біздің жылжымалы тоннельді пешіміз қыштың ыстығымен арнайы рельспен айналып жүріп отырады. Бұл деген бізде шығынды азайтады. Яғни, біздің 100% өніміміз сатылады, - дейді жоба жетекшісі Береке Дүйсебеков.
Зауыттың болашақ жұмысшылары Қытайда арнайы оқудан өтіп келді. Басым бөлігі жергілікті кадрлар. Кәсіпорын өнімдері ғимараттардың сыртқы және ішкі қабырғаларын қалауға қолданылады. Есесіне құрылысы қарқын алған аймақ үшін жергілікті кірпіштің қажеттілігі өзекті.
Мысалы 2022 жылы мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру 24 млрд болса, биыл бұл көрсеткіш 135 млрд-қа жақындады. Яғни, құрылыс жмұыстарының көлемі 5 есе өсті. Биыл бізде 200-ге жуық салынып жатыр. Тек қана мемлекет бюджет есебінен, - деді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Тұралиев.
Облыс бойынша құрылыс өркендей бермек. Келер жылы құны 200 миллиард теңге болатын ірі 24 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған.