Қызылордада кәсіпорын құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар өндіреді

Қызылорда қаласында құрылысқа қажетті құрғақ қоспаларды өндіретін кәсіпорын жұмыс істейді, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

«ВЕГА-Пром» ЖШС 2014 жылы құрылған. Өзектілігін жоймайтын құрылыс саласына қажетті заттарды өндіруді қолға алған компания қала маңындағы Белкөл кентінде орналасқан. 

Жылдар жылжыған сайын кез келген саладағы қажетті құралдар ауысады, қызмет түрі басқа бағытқа бейімделуге мәжбүр. Құрылыс саласында да тұтынушы талабы мен талғамына сай қажетті өнімдер түрі өзгеруде. Соған сәйкес «ВЕГА-Пром» компаниясы құрылысқа қажетті өнімнің 9 түрін шығарады. Құйылмалы еден дейсіз бе, кафельге арналған кілей, гипстелген штукатурка, сәндік сылақ және басқа да біраз дүниені өндіріп келеді. Кәсіпкер жігіттердің құрылыс заттарын шығарып қана қоймай, сол заттарды араластыратын құрал-жабдықтарды да қолдан құрастыратыны көңілге қуаныш сыйлады, - дейді Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Ерлан Қаниұлы. 

Құралдарды құрастыру құрылыс өнімдері саласында «ВЕГА-Промның» көші ілгері екенін танытып отыр. Облыс көлемінде тапсырыспен қажетті құрал-жабдықтарды дайындап жүрген компания көрші облыстарды да қамтамасыз етуге қауқарлы. Айта кету керек, өндіріс кешені аймақтың ішкі нарығының 35-40 процентін жауып отыр. Сонымен бірге мұндағы баға сырттан келетін өнімдерге қарағанда 40%-ға арзан. 

Компания директоры, кәсіпкер Бимағанбет Әбдіжаппар бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. 

Біздің өнім толықтай Қазақстанда жасалады. 97 проценті өзімізден десек, қалған 3 процентті құрайтын химиялық қоспалар Қытайдан келеді. Жалпы жұмыс барысына тоқталып өтсек, құрамына қажетті заттарды алып, өзіміздің формуламыз бойынша араластырып, құраймыз. Содан кейін жиырма бес, отыз келілік қаптарға қапталады. Өнім күнделікті дайындалады, күнделікті сатылады. Әзірге екі станок бар. Біреуі күніне 2500 қап, екіншісі 1500 қап өнім шығарады. Біз үшін жұмыс барысы да, нәтижесі де маңызды. Қызметкерлер саны аз болғанмен, өнім саны көп. Бұл, әрине, құрылғылардың да жетістігі. Осылайша айына шамамен 40 000 қап құрылысқа арналған құрғақ қоспалар шығарамыз. Он шақты жыл бұрын алғаш осы салаға аяқ басып, 2-3 өнім ғана шығарып бастағанбыз. Қазір 9 өнім бар. Бұйырса, одан әрі ұлғайта түсеміз. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізсек, тағы 4 құрылысқа қажетті тауарды өндіретін боламыз. Бастысы өңірде бұл сала бойынша бәсекелестік жоқ. Нарық бос. Бастысы сапа мен бағаның қолжетімділігі болса, тұтынушы жоғалмайды. Екі тарап та риза. Ел игілігіне жарап, шынайы пікірлер мен халықтың алғысын естіп, білу де қуаныш, – дейді кәсіпкер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы