21 Ақпан 2026, 11:49 Фото: ©BAQ.KZ

Қызылордада бір топ жігіт мектеп оқушысын соққыға жықты

Полиция төбелеске қатысқандардың кім екені анықталғанын айтты.

Қызылордада бір топ жігіт көшеде кәмелетке толмаған мектеп оқушысын соққыға жыққан. Бала асфальтқа құлағаннан кейін де шабуыл жасағандар тоқтамаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиға болған көпқабатты үйдің тұрғындарының бірі төбелесті видеоға түсіріп үлгерген. Кадрларда мектеп оқушысы асфальтта жатқан күйі көрінеді, оны кемінде сегіз адам теуіп жатқан сәті түсіп қалған.

Тек жанынан өтіп бара жатқан әйелдердің айқайынан кейін бұзақылар жан-жаққа қаша жөнелген. Полиция барлық шабуыл жасағандардың анықталғанын мәлімдеді. 

Бұзақылық дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысқандар жедел түрде анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады, - деді Қызылорда қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Айсұлтан Серіков.

Әзірге оқиғаның мән-жайы нақты жария  етілмеді.