Қызылордада білім бөлімінің басшысы сотталды

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі қаладағы білім бөліміне бұрын басшылық еткен лауазымды тұлғаның пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қызылорда қалалық №2 сотында айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті лауазымды тұлға ретінде ол педагог-ұйымдастырушы қызметіне жұмысқа орналастыруға көмектескені үшін 500 мың теңге көлемінде пара алған. Кейін ол азаматты өз үйіне шақырып, келісілген 1 миллион теңгенің қалған жартысын да қолма-қол алған, — делінген ресми хабарламада.

Сот үкімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігі («Пара алу») бойынша кінәлі деп танылды. Айыпталушыға 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, оған өмір бойы мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның құрылымдарында, сондай-ақ қаржы нарығы мен ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалауға уәкілетті органдарда, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға тыйым салынды.

Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: istock
Өзгелердің жаңалығы