Қызылордада азаматтық қоғам өкілдері марапатталды

Қызылордада 300-ден аса азаматтық қоғам белсенділері басы қосылған ерекше шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Сыр қоғамы – руханият бесігі» атауын арқалаған іс-шарада журналистика, ҮЕҰ, діни және этномәдени бірлестіктер мен тіл жанашырлары және жастар жылды қорытындылады.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аймақ басшысының тікелей қолдауымен руханият саласында ауқымды жобалар мен игілікті шаралар атқарылғанын тілге тиек етіп, өз саласында табысқа жеткен үздіктерге облыс әкімінің арнайы номинациялары мен алғыс хаттарын табыстады.

Президентіміздің Әділетті Қазақстан құру бастамасы жыл бойы саясаттың, экономиканың, идеологияның алтын тіні болды. Түбегейлі реформалар қарсаңында, күрделі жолдың басында тұрған еліміздің Әділетті Қазақстан құру мақсаты өз ісін білетін, жанашыр, патриот жандардың жанкешті еңбегімен ілгерілейді. Осы мұрат жолында баршамызға жүктелер міндет аз емес. Жылдың тоғысар тұсындағы бүгінгі шарада саланың уақыт белгілеген үдемен үндестігіне баға берілмек. Бірлік, ынтымақ, еңбек жоғары бағаланатын қоғамды алға жылжыту, оларды құндылықтар арқауына айналдыру қажыр-қайратты, күш біріктіруді қажет етеді. Осы жолдағы барлық бастамаларымыз табысты болғай, - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Шараға жиылғандар ең алдымен аймақта азаматтық қоғамның ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосып, дара қолтаңбасын қалдырып, бақилық болған әріптестерін еске алды.

Басқосуда Қызылорда өңірінде қоғамдық даму басқармасының сан салалы бағыттағы жұмыстары сараланды. Бүгінде аймақтың қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.

Жыл көлемінде басқарма 9 мыңға жуық шара өткізіп, 200 мыңнан аса адамды ортақ іске біріктірген. Оның ішінде әлеуматтанушылар, БАҚ өкілдері мен діни бірлестік жетекшілері, қоғам жанашырлары бірлік танытып, түрлі жобаларға өз үлесін қосқан.

Салтанатты шара мерекелік бағдарламамен жалғасты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы