Қызылордада асық атудан ел біріншілігі өтіп жатыр

Қызылордада асық атудан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жарысқа еліміздің 16 облысынан 130-дай спортшы келді.

Қызылорда облысында 6 мыңдай жеткіншек ұлттық спорттың осы түрімен айналысып жүр. Олар бірқатар халықаралық жарыстар мен Азия біріншіліктерінде олжа салып үлгерген. 

Айта кетейік, асық атудан Қазақстан чемпионаты Сыр өңірінде алғаш рет өтіп жатыр. Бұл чемпионатқа 2010 және 2012 жылы туған жасөспірімдер қатысуда. Қыздар «Бес асық» түрінен бақ сынаса, ұлдар «Бес табаннан» өзара мықтыны анықтап жатыр. Ептілік пен сергектіктен бөлек, есеп пен дәлдікке құрылған ойынға құмар ұл,қыздың шеберліктері тәнті етпей қоймайды. Қазіргі таңда елімізде асық атумен тұрақты түрде айналысатын спортшылар 70 мыңнан асқан. 

Ал үйірмелер саны мың жарымға жуықтапты. Асық атудан Қазақстаннан бөлек, әлемнің бірқатар елінде Әлем, Еуразия кубогі мен Азия чемпионаты дәстүрлі түрде өтіп келеді. Румыния, Түркия, Моңғолия секілді мемлекеттер қазақтың ұлттық спортына ерекше қызығушылық танытып, жүйелі түрде дамытуды қолға алған. 

Қазір еліміз бойынша 60-тан астам Қазақстанның және 8 халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алға спортшы бар екен. Бүгінгі жарыс нәтижелері бойынша Астана қаласы мен Түркістан, Қызылорда облыстарының спортшылары жалпы есепте алға шығып отыр. Дегенмен, командалар арасындағы ұпай айырмашылығы алшақ емес. Сондықтан топ басында әлі де өзгерістер болуы мүмкін. Жарыс жеңімпаздары ертең белгілі болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Turkystan.kz
Өзгелердің жаңалығы