22 Қыркүйек 2026, 16:17 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қызылордада 416,6 млн теңге жымқырғандарға сот үкімі шықты

Қызылорда облысында «Торғай Петролеум» АҚ қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қызылорда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, қылмыстық іс компания қаражатын сатып алу рәсімдері арқылы жымқыру фактісі бойынша тергелген.

Сот материалдарына сәйкес, 2018 жылдан бастап «Торғай Петролеум» АҚ механикалық бөлімінің бастығы қызметін атқарған «Б» есімді азамат 2019 жылдың қазан айында компания қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.

Тергеу нұсқасы бойынша, ол қоғамның өзге лауазымды тұлғаларымен және «MANSUR-INVEST group» ЖШС мен «KazPromStroy LTD» ЖШС басшысы С.Ш.-мен алдын ала сөз байласқан.

2019-2020 жылдары компания қызметкерлері іс жүзінде орындаған жұмыстар мен кәсіпорын балансында бұрыннан болған тауарлық-материалдық құндылықтарды жеке компаниялардан сатып алу қажет деген мазмұнда қызметтік хаттар рәсімделген.

Соның негізінде іс жүзінде жеткізілмеген тауарлар, орындалмаған жұмыстар және көрсетілмеген қызметтер үшін алты келісімшарт жасалып, екі серіктестіктің есепшотына 416 млн 696 мың 896 теңге аударылған.

Сот материалдарында аталған қаражаттың кейін қолма-қол шешіліп, қылмысқа қатысушылар арасында бөлінгені көрсетілген. Әрқайсысына 104 млн 174 мың 224 теңгеден тиген.

Сот «Б»-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танып, бастапқыда 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырылды.

2025 жылғы рақымшылық туралы заңға сәйкес негізгі жаза мерзімі бестен бір бөлікке қысқартылып, 5 жыл 7 ай 6 күн болып белгіленген. ҚК-нің 63-бабы қолданылып, жаза шартты деп танылды. Сотталған адамға барлық жаза мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді.

Ал С.Ш. ҚР ҚК-нің 216-бабы 3-бөлігі, 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

Оған да бастапқыда 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, рақымшылыққа байланысты мерзім 5 жыл 7 ай 6 күнге дейін қысқартылды. ҚК-нің 63-бабы негізінде жаза шартты деп белгіленіп, пробациялық бақылау қолданылды.

Сонымен қатар С.Ш. материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.