Қызылордада 4 мыңға жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Қызылордада 70 мектеп пен 10 колледжде құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары өтті.
Қызылорда қаласында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы және «Қауіпсіз қала – Қызылорда» жол картасы аясында білім беру ұйымдарында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 70 мектеп пен 10 колледжде 270 лекция ұйымдастырылды.
Қала прокуратурасының қызметкерлері өткізген іс-шараларға шамамен 3 500 білім алушы мен 250-ден астам ата-ана қатысты.
Профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу және оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Түнгі рейдтер жүргізіліп, ата-аналар әкімшілік жауапқа тартылды
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқық бұзушылыққа баруының алдын алу мақсатында түнгі уақытта тұрақты рейдтер ұйымдастырылып келеді.
Мәліметке сәйкес, заңды өкілінсіз жүрген 623 кәмелетке толмаған анықталған. Сонымен қатар бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамағаны үшін 3 888 ата-ана әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Қазіргі уақытта мұндай ата-аналардың жұмыс орындарына арнайы хат жолдау тәжірибесін қалыптастыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Құқық бұзушылыққа бейім оқушылар бақылауға алынды
Профилактикалық шаралар аясында құқық бұзушылыққа бейім 306 оқушы мектепішілік есепке қойылған. Бұдан бөлек, 53 кәмелетке толмаған полицияның профилактикалық есебіне алынып, олардың мінез-құлқы бақылауға алынған.
Қала прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.