2 Тамыз 2026, 23:25 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қызылордада 300 орындық аурухана мен 500 орындық емхана салынып жатыр

Нысандарды аралау қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев мердігер ұйымдарға құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің қатаң сақталуын тапсырды.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барып, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысымен танысты.

Сапар барысында тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және абаттандыру бағытындағы бірқатар нысандар араланды.

Алдымен делегация Президент саябағы аумағында салынып жатқан тоғыз қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысын көрді. Жалпы құны 22 млрд теңгені құрайтын жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған. «Мелиоратор» ЖШС салып жатқан тұрғын үй кешенінде 945 пәтер қарастырылған. Нысанды жақын уақытта пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сапар аясында Президенттің қолдауымен бой көтерген Ботаникалық бақ та таныстырылды. Мұнда Қытай, Жапония, Оңтүстік Африка, Аустралия, Мадагаскар, Оңтүстік және Орталық Америкадан әкелінген 92 түрлі 3,3 мыңнан астам экзотикалық және тропикалық өсімдік отырғызылған. Кешен автоматтандырылған микроклимат, суару және су дайындау жүйелерімен жабдықталған.

Президент саябағы аумағында еліміздегі үшінші Президенттік кітапхана мен жаңа драма театрдың құрылысы жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жобалардың әрқайсысына 20 млрд теңгеден бөлінген.

Президенттік кітапханада заманауи оқу және конференция залдары, мұрағат, баспахана, медиазертхана, подкаст студиясы орналасады. Мұнда бір миллионнан астам кітап сақталады.

Ал 520 орындық жаңа драма театр заманауи сахналық техникамен, дыбыс жүйесімен, шығармашылық студиялармен және дайындық залдарымен жабдықталады.

Сырдария өзенінің жағалауын шайылудан қорғау жұмыстары да жалғасуда. Жоба аясында арнайы қорғаныс құрылымдары орнатылып, жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынып жатыр. Қазіргі таңда жұмыстардың шамамен 50 пайызы аяқталған.

«Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Кешен құрамында 50 метрлік жүзу бассейні, 2,5 мың орындық әмбебап спорт залы және 300 орындық конференц-зал болады. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында өңірде іске асырылатын жаңа инвестициялық жобалар таныстырылды. Инвесторлар тұрғын үй кешендерін салу, желдету және ауа баптау жабдықтарын, санитарлық-техникалық бұйымдарды өндіру, томат пастасы мен көкөніс пюресін шығару, сұйытылған табиғи газ өндіру, қорғасын-мырыш байыту зауыттарын және көпфункционалды сауда-ойын-сауық кешенін салу бағытында жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр.

Нұрлыбек Нәлібаев №5 қалалық емхананың құрылысымен де танысты. Бір ауысымда 400 адам қабылдайтын жаңа медициналық мекеменің құрылысына 9,7 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар Сырдария өзенінің сол жағалауында 500 адам қабылдайтын жаңа емхана бой көтеріп жатыр. Жобаның құны – 14,8 млрд теңге.

Сапар барысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы да қаралды. Құны 34,9 млрд теңгені құрайтын медициналық кешенде емхана, операциялық және реанимация бөлімдері, химиотерапия мен радиотерапия орталықтары, физиотерапия бөлімдері және басқа да қажетті инфрақұрылым орналасады.

Нысандарды аралау қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев мердігер ұйымдарға құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің қатаң сақталуын тапсырды.

Оның айтуынша, өңірде жүзеге асырылып жатқан медициналық инфрақұрылым жобалары халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге бағытталған. Сондықтан барлық нысандар белгіленген мерзімде және жоғары сапамен пайдалануға берілуі тиіс.