Қызылордада 187 тұрғын үйге құбыр тартуға 11 млрд теңге қаржы бөлінді

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қызылорда қаласының тұрғындарын орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі талқыланған мәжіліс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиынға жауапты сала басшылары қатысты. Облыс әкімі бөлінген қаржыны тиімді пайдалануды, жұмысты сапалы жүргізуді ескертті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласының көпқабатты тұрғын үйлеріне ыстық су құбыры жүргізілуде. Биыл Үкімет резервінен 187 тұрғын үйге құбыр тартуға 11 млрд теңге қаржы бөлінді. Ендігі ретте, осы қомақты қаржыны тиімді, уақытылы және сапалы игеруіміз қажет. Сондай-ақ келесі жылға жоспарланған істер осы бастан жүйеленгені жөн. Қазір екі ауысымдық режимге көшіп, жұмысты жеделдетіңіздер. Қазан айында тұрғындар ыстық сумен қамтылуы тиіс, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Оған қоса әкім әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Көп қабатты тұрғын үйлердегі жұмыс барысын күнделікті қадағалаңыздар. Ыстық су – қала тұрғындарының қаншама жыл күткен игілігі. Істі бастадық па, соңына дейін жеткізуіміз керек. Әріптестер, берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болады. Алдағы жылу беру маусымына дейін жұмысты аяқтап, тұрғындар ыстық суды пайдалана бастауы қажет, – деді ол.

Сонымен қатар жиында жауапты басшыларға мердігер мекемелермен күнделікті байланыста болу, тапсырмалардың орындалуын қадағалау міндеттелді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы