Қызылордада 140-тан астам үй жануары бірдейлендіру базасына енгізілді

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында «Жасыл дәліз-3» акциясы аясында 140-тан астам үй жануары заңдастырылды. Кезекте әлі 30 мыңнан астам үй жануары бар.

Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаевтың айтуынша, елімізде ауылшаруашылығы жануарларын заңдастыру үшін «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесінде «Жасыл дәліз-3» қызметі жұмысын бастады. 

Аталған қызмет биылғы жылдың 1 ақпаны мен 31 мамыры аралығында жүргізіледі. Осы 4 ай уақытта мал ұстаған әрбір адам 2000 жылдың 1 қаңтары мен 2022 жылдың 1 қаңтары аралығында туған үй жануарларын тегін тіркей алады. 

Қызылорда облысында мал басын тіркеу 11 ақпаннан бастап мүмкін болды. Себебі оған дейін бағдарламада жаңартулар болған. Бүгінгі таңда 132 бас жылқы, сиыр, түйе тіркелді, - дейді Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев. 

Басқарма мамандарының айтуынша, бірдейлендіру базасына 40 мыңға жуық үй жануарын қосу қажет. Алайда, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің көбі мал басын жасырады. Бұған себеп мал басын есепке алу қызметі ақылы жіргізілетін. Енді шаруа иелері үй жануарларын тегін өз атына тіркеуге мүмкіндік алып отыр. Ол үшін жергілікті ветеринарлық ұйымдарға хабарласып, өтініш қалдыру қажет. 

Шаруалар өлген малдары үшін өтемақы сұрайды. Алайда, тексерген кезде малдың бірдейлендіру базасына тіркелмегені анықталады. Мұндай жағдайда мал иесі мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті ала алмайды. Ал «Жасыл дәліз» акциясы малды тегін тіркеуге, малы өлсе, өтемақы алуға мүмкіндік береді, - деді Шахмардан Қойшыбаев.

Қазіргі таңда аталған акция бойынша малдарын бірдейлендіру базасына енгізген ауыл тұрғындары бар. Олар акция аясында қорадағы малдарын базаға тегін тіркеп, өзге шаруа иелеріне де мемлекеттік қолдау арқылы жүргізіліп жатқан қызметтің игілігін көруге шақырады.

Жасыл дәліз» акциясы туралы әлеуметтік желіден білдім. Өзімдегі ірі қараларды заңдастыру мақсатында ауылдың ветеренариялық пунктке хабарласып, өтініз жаздым. Көп уақыт өтпей, мал дәрігері сиырларды сырғалап, бірдейлендіру базасына енгізіп берді. Дерекқор базасына енгізілген жануарлар республикалық бюджеттен қаржы бөлінетін аса қауіпті ауруларға қарсы тегін егілетін болады. Бұл мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар үшін зор мүмкіндік болмақ. Осы орайда мал бағатын әрбір адам үй жануарларын дер кезінде жергілікті ветеринар маманға барып, сырғалатып, таңбалатып, дерекқор базасына уақытында енгізуге кеңес беремін, - дейді Жаңақорған ауданының тұрғыны Маралхан Исламхан. 

Өткен жылы аймақта мал шаруашылығы құрғақшылықтан зардап шеккені белгілі. Осы кезеңде аудандарда едәуір мал шығыны орын алды. Арал ауданының өзінде 500-ден астам мал басы құрғақшылықтың салдарынан қырылды. Ал Қазалы ауданында күз мезгілінде 26 жылқы өлді. Құрғақшылықтан қырылған малдың денелері күріш алқаптарынан табылды. Осы жағдайда мал иелері мал дәрігерлеріне дер кезінде хабар бермегені анықталды. 

Ауыл шаруашылығы жануарлары арасында ауру ошақтарының таралуын болдырмау, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында қауіпті ауруларға қарсы диагностикалық тексеру жүргізіледі. Мәселен, көктем мен күзде бруцеллезге қарсы 502,3 мың бас ірі қара, 892,6 мың қой мен ешкі тексерілді. Оның ішінде 48 сиыр, 252 ұсақ мал ауру болып шықты. Сол себепті оларды жоюға тура келді. Өлген малдың иелері өтемақы алды. Сондай-ақ, Қазалы ауданына қарасты Көкарық, Алғын, Аранды ауыл округтерінде 26 түйе некробактериоздан өлген. Бұл туралы мал иелері ветеринарлық станция мамандарына дер кезінде хабар бермеген. 2021 жылдың желтоқсан айында Ақжарма және Талдыарал ауылдарында 4 бас сиыр өлген. Мамандар эмфизема, лептоспироз және пастереллезге сынама алды. Бүгінгі таңда мал шығыны тоқтатылды, эпизоотиялық жағдай тұрақты, - дейді басқарма басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы